ПРЕЗИДЕНТ ШАРЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН ЖАС МҰҒАЛІМНІҢ ЕРЛІГІНЕ ТӘНТІ БОЛДЫ

Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1323
Бөлім: САЯСАТ

Президент Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысы 29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алды. Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. "Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды", – делінген көңіл айту жеделхатында.

Мемлекет басшысының Жарлығымен адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Мерей Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"