МҰРАТЫМЫЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУ

Уақыты: 18.06.2021
Оқылды: 2479
Бөлім: САЯСАТ

Етек-жеңімізді жиып, тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жыл толды. Ел тәуелсіздігі Қазақстан халқының даму жолында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашты. Ғасырлар мен ондаған жылдар бойы ұмытылған тұлғалардың есімдері мен жәдігерлері оралды, мемлекеттік қазақ тілі қайта жанданды.

Барлығымызға егемендіктің қандай жолмен келгені мәлім. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес екені белгілі. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жеткен болатын. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау жолындағы соғыстар мен ұлт-азаттық көтерілістерінің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталғаны да рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар мен батырлар, қарапайым халық жандарын пида етті. Сондықтан да, Тәуелсіздік – Тәңірдің берген сыйы. Олар – тарих, олар дастан, олар мәңгі жыр-дастан.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік мерекесі – баршамыз үшін ең асыл, қасиетті күн. Тәуелсіз еліміз ширек ғасырға жуық уақыт ішінде қаржы дағдарыстарының қиындықтарына қарсы тұра білді, тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырды, талай жетістіктерге қол жеткізді, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енді. 
Әлеуметтік-экономикалық бағытта да жұмыстар істелініп, бір қалыпқа келді. Әлеуметтік сала елдің қозғаушы факторының біріне айналды. Казақстан  әлеуметтік бағытталған мемлекет ретінде даму бағдарын қабылдаған. Сол себепті де әлеуметтік салаға өте үлкен көңіл бөлінуде. Әлеуметтік осал топтарға материалдық көмек, атаулы әлеуметтік көмек, жекеленген санаттарға тегін тұрғын үй беру мәселелері кезеңімен, ретімен шешілуде. Міне, осы аралықта жеткен жетістіктеріміз қандай? 
Бұл – МӘҢГІЛІК  ЕЛ болуға бекінген мемлекетіміздің  бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын кезең. Сол себепті қазақ елі мәңгі жасауы тиіс. Қазақ елінің төрінде Елтаңбасы ілініп, көгінде Көк  туымыз желбіреп, кең далада Гимн шырқалып ойнағанда, көңілімізге менің халқымнан асқан бақытты ел бар ма десеңші деген ой оралады. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған көреген саясатының жемісі деп білемін. Олай болса, еліміздің келешегі, Қазақстанның болашағы – өз қолымызда. Жаңғыру кезеңіндегі Қазақ елі қарқынды дамып, қарыштап алға баса берсін!

Маржан МҰРАТ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы