ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҮШІН АСА ҚАЖЕТТІ ШАРА - СЕНАТ ДЕПУТАТЫ

Уақыты: 23.09.2022
Оқылды: 1484
Бөлім: САЯСАТ

Еліміз бүгіндері Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытта қолға алған бастамалары халықтың қолдауына ие болуда. Жыл басындағы Конституциямызға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум, Президенттің  жеті жылға және бір мерзімге сайлануы туралы өзгерістерді де жұртшылық қуанышпен қабылдады. Алдағы уақытта, атап айтқанда, 20 қарашада өтетін Президент сайлауы осы үлкен өзгерістердің заңды жалғасы деп түсінеміз.

Қоғамды демократияландыруға бағытталған ауқымды шаралардың ықпалын қазақстандықтар қазірдің өзінде айқын аңғарып отыр. Саяси партияларды тіркеудің оңтайлануы, партиялық тізіммен қоса мажоритарлық негізде жекелеген адамдардың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігі сайлаудың әділ өтуіне бастайтын бірден-бір қадам болса керек.

Қайсыбір адамдар: «Президент сайлауына қажетті дайындыққа аз уақыт беріліп отыр. Жылдар бойы тұқыртылып келген саяси партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жолға қойып үлгермейді», – деген сыңайда уәж айтуда. Алайда әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, екі ай жеткілікті кезең екенін көреміз. Қазірдің өзінде партиялар кандидаттарын таңдап үлгерген сияқты. Үміткерлердің қатарында жеке тұлғалар да баршылық.

Осы Президент сайлауына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Үндеу жариялап, жағдайды толықтай түсіндіріп берді. Кезектен тыс сайлау – жекелеген топтың немесе адамның мүддесі үшін емес, еліміздегі басталған оң өзгерістер мен Жаңа Қазақстанды қапысыз құру үшін аса қажетті шара дейтініміз де сондықтан. Ендеше, еліміздің жарқын болашағы үшін осы бастамаларға қолдау көрсетіп, реформалардың жүйелі жүзеге асуына үлесімізді қосайық дегім келеді.

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

ҚР Парламент Сенатының депутаты