ҮМІТ ҮЗІЛМЕСІН, СЕНІМ СЕТІНЕМЕСІН! ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНАН НЕ ТҮЙДІК?

Уақыты: 24.11.2022
Оқылды: 1851
Бөлім: САЯСАТ

Әркім өз дәуірінің куәгері. Көкірек көзі ашық әрбір адам өмір сүрген кезеңде көргені мен көңілге түйгенін келешекке қалтқысыз жеткізеді. Жақсыны асырып, жаманды жасырудың болашақ үшін маңыздылығы басым болатынын батыр бабаларымыздың бата-тілектерінен байқаймыз. Сондықтан соңғы айларда басымыздан өткерген сезімді әсірелемей-ақ айтсақ дейміз.

Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық», – деген болатын.

Ең сорақысы, адамды, елді, жерді, мемлекетті жарға жығатын мұндай жалған мәлімет барлық салаға батпандап кірген аурудай орнығып алған. Одан енді мысқылдап қана құтылуға болады.

Расында елді тығырыққа тірейтін көз алдау мен көбікті санның көрсеткіші еш мемлекетке опа бермейді. Осыны жақсы ұғынған Мемлекет басшысы биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді және 7 жылдық президенттік бір мерзімді ұсынатынын айтқан. Себебі, қарапайым халық пен қолында байлығы мен билігі барлардың арасындағы алшақтық едәуір жерге барғанын жасыра алмаймыз. Осындай теңсіздікті түзету әділеттілік ұстанымын алға шығарумен ғана орындалады. Сондықтан Тоқаев сайлауалды тұғырнамасын «Әділетті мемлекет», «Әділетті экономика», «Әділетті қоғам» атты үш тарауға бөліп таныстырды. Тұғырнаманы бар пейілін салып жазғанын өзі де айтқан Мемлекет басшысы барша халықтың саяси сауатты болғанын, әр азаматтың өз құқын қорғай алатындай дәрежеге жеткенін қалайды.

Соңғы айдың ішінде сайлауалды штабтың мүшесі ретінде көптеген адаммен жолығып, әр саланың жұмысымен таныстық. Сонда байқағанымыз – көпшіліктің болашаққа деген сенімі, үміті еді. Жанарлардан көрінген жарқыл өскелең ұрпақтың келешегі кемел болуын қалайтынын айтпай-ақ білдіріп тұрды. Әрине, ел болған соң кежегесінен кері тартқан қырсық пен сөзі қисық пасықтың кездесетіні заңдылық. Ондайды қазақ: «Ел ішінде бір тентек жүрмеуші ме еді?!» деп мүсіркейді. Тентек пен теліні түзеген ауыл ақсақалының айтқаны заң болатын кезең келмеске кеткен. Ендігіде бүгінгінің батагөй қарттары жөн көрсетсе құба-құп.

Жә, бірді айтып, бірге кетпейін, кездесулерге келген көпшіліктің басым бөлігі Қазақстанның көркейгенін қалайды дедік. Мемлекеттің даму жолына түсуіне немқұрайды қарайтындар мен кез келген жаңаруға немкетті ниет танытатындар бар екенін де байқадық. Әдетте әрбір сынақ адамдар арасындағы дүниетанымды, қарсылық танытушы мен жақтаушыны ажыратуға мүмкіндік береді. Сол сияқты сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған 8 300 046 адам арқылы басым көпшіліктің бейжай қарамайтынын ұғындық.

Яғни, сайлаушылардың 69,44%-ы кезектен тыс Президент сайлауына үмітпен барған. Қалған 31% халық, турасын айтқанда дауыс беруге құқылы 11 миллион 953 мың 465 адамның 3 миллион 653 мың 419-ы сайлау учаскелеріне ат ізін салмаған. Сол арқылы еліміздегі саяси өзгеріске немқұрайдылық, немкеттілік танытқан. Бұл қазіргідей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын тұста өте қауіпті.

Неліктен дерсіз?! Ендеше, сайлауға қатыспағандардың кімдер екенін өздерінің ар-ұятына қалдырып, немкетті әрекеттің қайда апаратынын салмақтайық.

Бүгінгідей жаһандық өзгерістер мен геосаяси белсенділік белең алған тұста бір елді іштен іріту, бүлік шығару алпауыт мемлекеттер үшін пайдалы. Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс Президент сайлауына бүкіл әлем назарын тіккені белгілі. Солардың ішінде біздегі бейбітшілік пен ынтымақты көп көретіндердің болатынын ешкім жоққа шығара алмас. Сондай пиғылмен немқұрайды азаматтардың үлес салмағын саралап көріп, сырттай болжам жасайтын саяси менеджерлер қыран текті, Көк байрақты елімізді әрі-сәрі күйге түсіретін әрекеттер ойластырып жатпасына кім кепіл?!

Міне, қаупі басым немқұрайдылық дегенім осы еді. Одан құтылудың жолы еліміздің әрбір азаматы өз үнін шығарып, саяси науқанға белсенділікпен қатысуында жатыр.

Сонымен, көптің көңілін алаңдатқан сайлау дұрыс өтіп, күдік-күмән сейілді. Әр үміткердің сайлауалды бағдарламасына үміт артқан жұртшылық өз таңдауынан үлкен ой түйіп кетті. Ол ой мемлекеттің тыныштығын, ел мен жердің амандығын қолдауға арналса деп тілейміз!

Мәди  АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы