ДЕПУТАТ. ЖОЛДАР ЖҰПЫНЫ, СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ ЖОҚ

Уақыты: 02.05.2024
Оқылды: 556
Бөлім: САЯСАТ

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев отандық туризмнің дамуын сынға алды.


«Туризм – әлемдік экономикада қарқынды әрі табысты бизнестің бірі. Тек туризмнің арқасында пайдаға кенелген елдер бар. Ал, Қазақстанның туризмі – жолдары жұпыны, жарығы мен байланысы, сервистік қызметі жоқ. Соның кесірінен тамаша табиғаттың игілігін көре алмай келеміз. Өзге елдер қос қабатты автобус, қолайлы такси, лайнермен круиз жасатып жатқанда, бізде дала тұрмақ, қалалардың өзі жаңа автобустарға жарымай жатыр. Автопарктер де әбден ескірген», - деді Қайрат Балабиев депутаттық сауалын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдай отырып. 

Оның айтуынша, жолаушы тасымалдайтын автобустардың 66% тозығы жетіп, қызмет ету мерзімі өткен. 

«Туризм дамыған Алматы мен Түркістан қаласы және облыс орталықтарында жаңа автобустар тапшы. Жеке көлік емес, көпшілікке арналған автобус болғандықтан әбден ескіргені тасымал сапасына, қауіпсіздікке тікелей әсер етеді, ал, олардан шығатын газ ауаға зиян. Ескірген автобустармен туристерді тасымалдау ұят емес пе? Жолдардың сиқы сын көтермейді. Шетелден келген қонақтарға жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасағанда ғана елдегі туризмнің дамуына жол ашылып, шетелдіктерді тарта аламыз», - дейді ол. 

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, 2023 жылы ел аумағындағы 7 зауыт небәрі 3200 мың автобус шығарған, ал жалпы автобус паркіндегі жаңа автобустардың үлесі 7,4%. 

«Сондай-ақ, бұл салаға мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан инвестициялар жетіспейді. Ал, кәсіпкерлерге автобустарды сырттан сатып әкелу тиімді емес, өйткені, алым мен көлікті бастапқы тіркеуден өткізу рәсімі импорттық автобустар үшін өте қымбат. Тек автобус емес, жеңіл көліктердің кедендік рәсімдері, түрлі алым- салымдары жалпы көлік бағасын 2-3 есе өскені жасырын емес. Жоғарыда айтылған маңызды мәселелерді ескере отырып, Қазақстандағы туризмнің дамуына тікелей әсерін тигізетін отандық автобус паркін жаңарту мен ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында, құрметті Роман Васильевич, сізден басқа мемлекеттерден әкелінетін жаңа автобустарды қайта өңдеу жинағы мен көлікті бастапқы тіркелуден босату туралы шараларды қарастыруларыңызды сұраймын», - деп қорытындылады Қайрат Балабиев.