Жастарға бағдар беру – басты міндет

Уақыты: 15.05.2024
Оқылды: 521
Бөлім: САЯСАТ

Біз кімді тәрбиелеудеміз? Келешектің тізгінін кім ұстайды? Ел болашағын қалыптастырар бүгінгі жас шыбықтың қауіпсіз һәм алаңсыз өсуіне қандай жағдай жасауымыз керек? Шын мәнінде ертеңгі тұлғаға қауіптен қалқан болып жүрміз бе? Өйткені, жұтынып тұрған жаһандану дәуірінің ағыны қатты, араны үлкен. Қауіптің алты басты екені, біреуін шапсаң орнына екеуі пайда болатын аждаһа екені бесенеден белгілі. Қамсыз жанға қай істің де қайырлы болмайтыны секілді, тап қазір көп қауіпке дәрменсіздік танытпау аса маңызды.

Баласын болашағына балаған елдің әрбір ұрпағы баянды балалықты, бозбала шақты сезініп, ел ертеңінің алымды һәм қарымды тұлғасы болып қалыптасуы керек. Ертең үшін Мағжан Жұмабаев сенген жастардың бүгінін жарқын және жарық етуіміз керек. Қазақ елінің көгінде жарқырау үшін. Бабалар аманаттап қалдырған ұлан-ғайыр далада салтанат құруы үшін. Біз қалыптастырған мемлекеттің ертеңін баянды ету үшін. Кеше Оқушылар сарайында мектеп оқушыларымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев осындай ауқымды тақырыптардың тінін тарқатты. Бастысы, «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының 9 айлық жұмысын таразылады. 

Тың жобаның ұрымтал тұсы қайсы?

«Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасын жасақтауға не түрткі болды? Мұндағы мақсат қайсы? Киберәлем. ІТ-технология. Смарт-сити. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де біздің бағыт осы. Заманның озық технологияларын қалағаннан қабылдап жатқанымыз жоқ. Сандық әлемге мәжбүрлі бара жатырмыз. Себебі, әлем сонда барады. Ал қалыс жүргендер оқшау қалады. Өспейді. Өркендемейді. Доңғалақ пен іштен жану двигателі жаңалық болудан қалғаны қашан. Қазіргі өркениет – сандық технология. Алуан-алуан «жемісі», қыруар-қыруар «егісі» бар ІТ саланың да тұрмысымызға енгізген жаңалығымен қатар қаупі де бар. Оны көз де көріп, құлақ та естіп жүр. Лудомания, буллинг, кибербуллинг сынды дүниелер пайда болды. Сол қауіптен ұрпақты сақтау, өмір сүрудің жаңа форматында балаларды аман-есен өсіру қазіргі міндеттердің бірі. Күрделі кезеңде маңызды шешімдерді қабылдауға тура келеді. Салауатты ұрпақ өсіруге төнген қауіптің бұлтын сейілту, ХХІ ғасырда қалыптасқан өмір сүру дағдысында қалыптасқан тенденциялар шеңберінде опық жемес үшін пайда болған жобаның жемісті екенін аймақ басшысы айрықша атап өтті.

– Жоба басталғалы бері Талдықорған қаласының 18 мектебінде әртүрлі 54 факт анықталды. Оның ішінде буллинг, зорлық әрекеті, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсауға бел буу және т.б. жайттар да бар. Олардың түгелге жуығы менторлардың оқушылармен жеке сұхбаттасуы барысында анықталды. Суицидтің алдын алуда дер кезінде әрекет еткен Маржан Қасымова, оқушылар арасында волонтерлікті белсенді дамытып жатқан Бақтияр Жақсыгелдинов, құқықтық сауаттылықты арттыруға үлес қосып жүрген Шыңғыс Сабуров пен Естай Кенжебеков, девиантты мінез-құлқы бар балалардың оңала бастауына себеп болған Мұхит Сәрсебаев, ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын насихаттаушы Гүлмира Зербай сияқты менторлардың еңбегін айрықша атап өтуге болады, – деді облыс әкімі.

Жалпы, былтырдан қолданыстағы ментор маманы не істейді? Қандай жауапкершілікті арқалайды? Жиында аймақ басшысы Б. Исабаев оның да формуласын айшықтап берді. Қарапайым «мектеп – ата-ана – бала» арасындағы алтын көпір, баланың ешкімге айта алмас сырын ақтаратын, мәселелерін шешуге кеңес беретін, бағыт көрсететін маман. Былайғы тілде «жабық тақырыпқа ашық әңгіме» өрбітетін кеңесші. 

Шыны керек, «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы жүзеге асқалы бері балалардың қатысуымен болатын қылмыс 3-4 есе азайыпты. Мұндай жаңалықты ақжолтайлаған облыс әкімі жоба туралы жүргізілген әлеуметтік мәліметтер мен сауалнамалардың қорытындысына тоқталды.

 – Биыл 15-17 қаңтар аралығында өткізілген сауалнамаға сәйкес оқушылардың 25,2%-ы жаңа дағдыларды үйренген, 28,6%-ы жеке кеңес алған, 19,3% шешілмейтін мәселе жоқ екеніне көзі жеткен, 17,7% өз мақсаттарын айқындаған, 14,8% қиын жағдайдан шығу жолын меңгерген, 11,7% достарымен қарым-қатынасын реттеген. Шыны керек, бұл пилоттық жоба болған соң оны әлі де күшейту керек, ескеретін, өзгертетін тұстары бар, – деді облыс әкімі. 

Киберәлемде білім қалқан болады

Қай кезде де жастарға үлкен жауапкершілік пен сенім артылады. Өйткені келешек солардың қолында. «Жасыңды көрсет, болашағыңды бажайлайын» деген шығыстық нақыл соның айғағы. Алысқа бармайық, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген нақылында да үлкен мән бар. Бүгін біз ұрпақты қалай тәрбиелесек, қандай білім берсек болашақтың болмысы сондай болмақ. Осы ретте аймақ басшысы жасөспірімдерге ұлағатын да жеткізді. Онда әуелі кітап оқуға, ғылыммен айналысуға, адал азамат қағидасын ұстануға, ұлттық құндылықтарды ақпараттық дәуірде дәріптеуге һәм демократиялық қоғам құруда аянып қалмауға шақырды.

Әлеуметтік желі «әмірін» жүргізген әлемде ақпараттың расы да бар, өтірігі де жетіп артылады. Ал бала дегеніміз бос тостаған іспетті. Оны қажетті дүниеге толтырмасақ, кез келген ортаны лаңдауға дайын тұратындар қоқысын, арампиғылды теріс ақпаратын құя салады. Одан кейін ақ парақ бетіне түскен дақты өшіру мүлдем қиын. Бәрібір дағы қалады. Сол үшін ұрпақ санасында ақпараттық иммунитет қалыптастыру қажет. Өйткені, елдің келешегі білімпаз, талантты һәм талапты ұрпақтың қолында. Облыс әкімі Б. Исабаевтың айтуынша, жас ұрпақ аға буыннан үлгі алуы керек екен. Олар кітап жастанып, оны ғұмырына арқау еткен. Ал, қазіргі жас кітап оқуды емес, телефонға телміріп, санасын әлеуметтік желіге байлауды жөн көреді. 

– Ұлы Абай «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп білім мен терең ойды бес асыл істің бірі санаған. Бүгінгі жаһандану заманындағы өздеріңіздей жастар телефонға телміріп, компьютерге жегіліп талай бағалы уақытын текке өткізбесе, – деген аймақ басшысы жасөспірімдерге тілеулестігін білдірді. 

Сандық технологияның дәурені жүрген дәуірде ғылымның үстемдік қылатын әдеті. Уақыт өзі көрсеткендей, жер тырнап, егін еккен мен ғылыммен айналысып, жаңалық ашқандардың тұрмыс сапасы әртүрлі. Қазір мал бағып, аты алысқа шапқан шаруаның атын естімейсіз. Есесіне аспанға ғарыш кемесін ұшырып, айшылық жердегілерді экран бетінде тоғыстырғандарды әлем таниды. Бірақ жұрттың бәрі сандық технологияны меңгеріп кетпейді. Адал еңбек ету де керек. Елді азық-түлікпен қамтитын шаруалардың еңбегін еселі етуде де жаңа технологияның тілін меңгеру аса қажет. Дейтұрғанмен, облыс әкімі қазақ балалары сапынан өз Илон Маскі, өз Цукербергі, өз Джобсы шықса деген арманын да жасырмады.
 

– Адамзат жетістіктің бәріне ғылымның арқасында жеткен. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. Көне заманда әл-Фараби бабамыздан басталған ілім жолы ешқашан үзілген емес. Соның ішінде өткен ғасырда қазақ ғылымы ерекше қарқынмен дамыды. Қ. Сәтбаев, Ә. Бектұров, Ә. Марғұлан, Ш. Есенов және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар ұлттық ғылымның дамуын жаңа сатыға көтерді. Міне, біздің жас ұрпақ та ғылым мен технология өркениеті орнаған дәуірде өз аттарын алтын әріппен қалдырады деп сенемін, – деді аймақ басшысы. 

Азаматтық ұстаным – демократия бастауы

Жаһандану дәуірі елімізге үлкен сын әкелді. Соның бірі – жаңа дәуірде өз кеңістігін сақтау, ұлттық болмысынан айырылып қалмау. Шыны керек, жастарға цифрландыру мен батыстық мәдениет қатты әсер етуде. Теңгенің екі бетіндей ақпараттық технологиялардың пайдалы жағы да, зиянды жағы да өз ізін қалдырмай қоймайды. Дейтұрғанмен, Еуразия кіндігінде Еуропа мен Азияны дүр сілкіндірген алып империялардың, Түркілер державасының, Жошы ұлысы әмірін жүргізген Алтын Орданың ізін жалғаған Қазақ-станның да өз құндылығын келесі дәуірге жеткізу осы ұрпақтың мойнында.

– Қазіргі басым міндет – ұлттық бірегейлігімізді нығайту, салт-дәстүр мен құндылықтарымызды насихаттау. «Домбыра харам, Алаш зиялылары сатқын, Қазақ деген ел болмаған, шапан кию, бата беру ғұрыптары ескірді» дейтін сана-сезімі төмен адамдарды да көріп жүрміз. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Биыл 10 күн бойы Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өттік. Әлемде туристер Түркия, Үндістан, Мысыр, тіпті, көрші Өзбекстанға арнайы барады. Сол сияқты қазақ дегенде өзгелердің ойына бірден келе қалатын біздің өзіндік ерекшелігіміз болуы керек. Меніңше, қазақтың ұлттық аспаптарын тыңдауға, тарихи орындарын, салт-дәстүрін көруге келетіндей болуымыз керек, – деді облыс әкімі. 

Хакім Абай тұжырымындағы «Бірлік, оның ішіндегі ақылға бірлігі» қазіргі жасқа аса қажет. Осы бірлік қана қам-қарекетімізді баянды етеді. Шыны керек, Қазақстан әлемге достықтың бесігі ретінде танылған. 130-дан астам ұлысты ұйыстырып, ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін 30 жылдың көлемінде қанша ауқымды тірлік атқарылды. Алайда, сыртқы күш бар. Олардың пиғылы – татулық пен достыққа, ынтымақ пен бірлікке сызат түсіру. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Біз бір елдің азаматтарымыз, тарихтың өзі Отанымыз – Қазақстан Республикасының болашағы үшін тұтастық пен жалпыға ортақ жауапкершіліктің мызғымас монолитіне дәнекерленген бір тағдырдың адамдарымыз. Біз халық болып ата-баба өсиетін мұқият сақтап, алға нық сеніммен қараймыз. Біздің мақсатымыз – Әділ Қазақстанды құру», – деген еді. Аймақ басшысы да жастарды бірлікте болуға, татулықты ту етуге шақырды.

– Ұлттық бірлік пен татулықты түсіну үшін әрбір адам жерін, елін, Отанын сүйе білуі тиіс. Қазақстанда тұратын әрбір ұлыс өкілінің, қазақ не орыс, украин не армян болсын, әрқайсымыздың бойымызда патриоттық рухы маздап тұруы қажет. Себебі, ұлттық бірегейлігіміз бен саяси тұрақтылығымыздың, экономикалық өрлеуіміздің басты кепілі – татулық. Жастар осы достық туымызды жықпай, бірлігімізді келер дәуірге жеткізуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Демократиялық қоғам құруда азаматтық ұстанымды қалыптастыру маңызды. Қоғамда болып жатқан жайттарға бей-жай қарамай объективті баға беру, пікір білдіру – азаматтық ұстанымның бастамасы. Осындай бек қасиетті жастардың бойына мектеп қабырғасында қалыптастыру керек. 

 – Азаматтық ұстанымды жекелеген мектептерде пилоттық режимде оқушылар парламентін құру, әділ сайлау өткізу арқылы жүзеге асыруға болады. Сайлау барысын, бағдарламаны қорғау, үміткерлер арасындағы дебатты, қажет десеңіздер, «Жетісу телеарнасы» алаңында өткізіп, эфирден көрсетейік. Сонымен қатар, сайланған оқушылар парламентінің басшысын әкім жанындағы жастар мәселелері жөніндегі кеңеске мүше қылуға болады, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында аймақ басшысы Б. Исабаев волонтер болуға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға шақырды. Бұл жастарға үлкен өмірге тәжірибе алаңы болады.

Жастарда да жалын бар, қабілет пен қарым бар

Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!» дейді ғой. Жетісудың жастары жалынсыз емес. Әкіммен кездесуге, кеңесін тыңдауға қалай даярланып келсе, қоғамдағы өзекті мәселелерді де солай арқалай келіпті. Оларды қоршаған ортадағы кемшін дүниелер, атқарушы биліктің қамсыздығы, инфрақұрылымның жөнсіздігі кәдімгідей алаңдатады екен. Қуаныш Дәулет есімді жасөспірімді Талдықорған қаласындағы СМАРТ аялдамалардың қазіргі жай-күйі алаңдатады екен. Кезінде атқарушы билік атойлап, жүргіншіге қыста да, жазда да пана болады делінген аялдамалар қазір тым жұпыны. Терезесі шағылған, есігі жұлынған, орындығы сынған. Өзі үйсіздерге пана болуда. Іші қоқысқа толы. Бұл жайдан аймақ басшысы да хабардар екен. Облыс орталығындағы 1,5 жылдан бері қараусыз қалған, аянышты күйдегі 21 аялдаманы қалыпқа келтіру және 5 жылға дейін күтіп ұстау үшін мамыр айының басында мердігер мекемемен келісім жасалыпты. Ал, Айзере Ғабиденқызын үйірмелердің сапасыздығы мен ақылы үйірмелердің қалта қағатыны алаңдатса керек. Айтуынша, қажетті үйірмеге қатысуға ата-аналардың қалтасы көтермейді.

 – Қазір өңірімізде 800-ден астам үйірме бар. Дейтұрғанмен, бізде сан бар да, сапасы жағынан сөз қозғау қиындау. Сондықтан, тиісті басқармаларға жұмысты жүйелеуді тапсырамын. Art sport-ты дамытуға ден қоюымыз керек, – деді Б. Исабаев. 

Жиынға қатысушылар мұнан өзге қаңғыған ит, қақпақсыз люк, ашық-шашық трансформатор, ойын-сауықтық кешендердің аздығын, мектеп қажеттілігі турасында сауалдарын жолдады. Облыс әкімі тап қазір атқарылып жатқан және атқарылуы тиіс жұмыстарды тізбектеп, тұшымды жауап берді. 

Кездесуде ментор міндетін арқалағандар да ұсыныс білдірді. Талдықорған қаласындағы 4 мектептің менторы Гүлмира Зербай мектептерде тәрбие сағаты сынды ментор сабағын енгізуді және менторларға арналған бөлек кабинет жасақтауды сұрады. Себебі, қазіргі мектептерде менторлар басқа мамандармен, мұғалімдермен бір кабинетте отыруға мәжбүр. Мұндай жағдайда оқушылар ашылып сырын, ойын, пікірін айтпайтын көрінеді. Аймақ басшысы сала басшыларына осы екі түйінді тарқатуға тез арада кірісуді тапсырды. 

Жиын соңында облыс әкімі Б. Исабаев жоба жасақталғалы жүйелі жұмыс көрсеткен, жақсы нәтиже көрсеткен мамандар мен үздік мектеп оқушыларын марапаттады. Бастысы, аймақ басшысы жастардың тәлімі мен тәрбиесіне, рухани кемелденуіне бағыт-бағдар берді.

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай