"НҰРСҰЛТАН АТА": ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ОҚУШЫНЫҢ ТІЛЕГІ ЖҮРЕК ТЕБІРЕНТТІ

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 1396
Бөлім: САЯСАТ

Талдықорғандық оқушы Назар Нағашыбектің Елбасы туралы көңіл тербетерлік жазбасы ешкімді бей-жай қалдырмады. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президентінің коронавирусқа шалдыққанын естіп, көңіл-күйі түсіп кеткенін айтады. Сондай-ақ, бала жүрегімен шын пейілден сауығуын тілеп, мұның уақытша сынақ екенін, тағы да кездескісі келетінін жеткізеді.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорғанға жасаған іссапарларының бірінде Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, жеткіншектердің болашағына сәттілік тілеген еді. Сондай жарқын сәттің бірінде Елбасы Назар Нағашыбекті құшақтап, бірнеше мәрте фотоға түседі. Оқушы бала осы суреттерді желіге жүктеп, Елбасының жазылып шығатынына сенім білдіреді.

"Достар, Нұрсұлтан ата дертке шалдығыпты. Мен Елбасымен үшінші сыныпқа барған кезде таныстым. Сондай тұлғаның сенің қолыңды қысып, өз немересі сияқты сеніммен сөйлескені ерекше сезім, мені таңдап, сөзімді тыңдағаны мен үшін мақтанарлық жайт. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының коронавируска шалдыққаны туралы жаңалықты естігенде көңіл-күйім түсіп кетті. Елбасымен қайтадан кездескім келеді. Егер ондай мүмкіндік туса, өзімнің бүгінгі жетістіктеріммен бөлісер едім. Сол үшін шын жүректен сізге тезірек сауығып кетуді тілеймін. Сіздің ерік-жігеріңіз бұл ауруды еңсеретініне сенемін. Бұл - тек уақытша сынақ. Оны жақын күндері жеңіп шығасыз деген ойдамын. Сіздің сауығатыныңызға және бізге қайта келетініңізге сенемін! Мен сізді тағы да көргім келеді және осы суреттерді көреді деген үмітім бар", - деп жазды Назар Нағашыбек.

Назар Нағашыбек - Талдықорғанға ғана емес, облысқа, елге танымал, үлгі тұтар жеткіншек. Ол Абай, Мұқағали сынды қазақтың маңдайалды тұлғаларының өлеңдерін жатқа оқитын, жыр шумақтарын бір оқығаннан жадына құйып алатын ерекше қабілетке ие. Өзі де қалам ұстаған, өлең жазатын, шығармашылыққа бейім бала, бірнеше байқауда топ жарып жүрген дарынды оқушы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы