Депутат мүгедектігі бар жандардың проблемасын шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты

Уақыты: 01.12.2023
Оқылды: 919
Бөлім: МІНБЕР

Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков мүгедектігі бар жандардың проблемасын көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Kazinform. 

«Қазір бір өңірде ғана емес, еліміз бойынша кәсіби түрде протез жасайтын маман жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2023 жылғы наурыз айындағы жағдай бойынша елімізде 715 мыңнан аса мүгедектігі бар адам бар. 5 өңірде осы жандардың тең жартысы тұрады екен. Оның арасында Түркістан облысында – 97,1 мың, Қарағанды облысында – 66,3 мың, Алматы облысында – 64,5 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 50,2 мың және Алматы қаласында 57,1 мың адам тіркелген. Ауылдарда 305,5 мың немесе 42, 7 пайызы тұрып жатыр. Сонымен қатар, тірек-қимыл жүйесі бұзылған 200 мыңнан аса адам бар», - деді Т.Серіков.

Оның айтуынша, мемлекет үш топтағы мүгедектерге тегін протез жасауға кепіл болғанымен, іс жүзінде бұл жұмыстар өте баяу іске асып жатыр. Елімізде протез жасайтын үш-төрт адам ғана бар, олардың өзі мүгедектігі бар жандар. Колледждер мен жоғары медициналық оқу орындарында мұндай мамандық бойынша оқытпайды.

«Протез – адамның дене мүшесінің жасанды түрі, сондықтан бұл мәселеге тиянақты түрде қарау керек. Протезді жылына кемінде екі рет тексеруден өтізіп отыру қажет. Ал балалар протезін әр екі ай сайын жөндеуден өткізуі керек, себебі баланың сүйегі тез өседі. Осы орайда мықты протезист-ортопед маман керек. «Протезді-ортопедиялық және оңалту техникасы» бөлімдерін Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында немесе тағы өзге өңірлердегі медициналық оқу орындарында оқытуға мүмкіндік беру қажет», - деді депутат.

Мұнымен қоса Т.Серіков мүгедек жандарға арналған арбаның сапасы нашар екенін айтты. Бұл ретте, осы арбаларда еліміздегі құрастыру ұсынысы жасалды.

«Енді осы арбалардың бағасын айтсам, автокөлік бағасымен тең боп қалды. Әлеуметтік партал арқылы сыртта жүруге арналған арбаның қолдану мерзімі 5 жыл, үйде жүруге арналғандар – 7 жыл, мобильді активті түрдегі коляска 5 жылға берілген. Бірақ олар көп болса бір екі-жылға ғана шыдайды, яғни сапасы жоқ. Ал сапалы 10 жыл жүріп беретін арбалар 1,5-2 млн теңге шамасында», - деді ол.

Депутат жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты мына ұсыныстарды жариялады:

  1. Қазақстанда протез жасайтын протезист мамандарын дайындауды енгізу керек.
  2. Елімізде мүгедек жандар үшін коляска жасау өндірісін іске қосу қажет. Қала орталықтарында арба жөндейтін тиісті орталықтар керек.
  3. Мүгедектікті растау жөніндегі № 260-шы бұйрық қайта қаралуы тиіс.

Фото: pixabay.com