Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі мектептегі тарих оқулығын қайта жазуды ұсынды.
Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдады.
Депутаттың айтуынша, биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толады. Бұл – қазақ халқының шынайы тарихын білу үшін тамаша мүмкіндік. Президент Қасым-Жомарт-Тоқаев та «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында бұл жайлы еске салған.
«... Әсіресе, Жошы ұлысын зерттеу институтына көп жауапкершілік жүктелетіні анық. Бұған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысына қатысты зерттеулер жүргізді, экспедициялар ұйымдастырды. Кітаптар шығарып, ЮНЕСКО-да арнайы жиын өткізді. Әрине, ұлт тарихын білмеу – қасірет. Алайда одан өткен үлкен қасірет бар. Ол – тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасады. Сондықтан тарихты дұрыс жазу және оқыту – тарихты жасаумен бірдей өзекті», - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Сенатор мектептегі тарих оқулығын қайта жазудың маңызды екенін атап өтті.
Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көптомдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуға тиіс.
Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы соңғы деректер енгізу керек. Мәселен, тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекеті жайлы 6-7-сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана бар. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығы негізі қаланғаны белгілі, - деді Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ ол университеттердегі тарих оқулығын біріздендіру керектегін жеткізді.
Бір айта кетерлігі, жоғары оқу орындарындағы мамандықтарға Қазақ тарихы пәнінің енгізілгені құптарлық. Осы пәнді методологиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттігімізді бастауларына басымдық берілгені жөн, - деді депутат.
Сенат депутаты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады.
«Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды», - деді Дархан Қыдырәлі.
Материал: Halyq Uni-нен алынды