Әр істе шынайылық қажет – Кенжебай ДОСЫМБЕКОВ

Уақыты: 02.09.2024
Оқылды: 212
Бөлім: МІНБЕР

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл және мал шаруашылығына тұсау болып отырған кедергілерді атап, осы мәселені батыл қолға алып, түбегейлі шешудің жолдарын көрсетті.

Аталған саладағы сапасыздықтың төркінін Мемлекет басшысы: «Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды», – деп түсіндірді. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ.

Расында, маңдай терін төгіп жер өңдемейтін, есесіне қандай жолмен болса да иеленіп алған ұлан-ғайыр жерін жалға беріп, пайдаға белшесінен кенеліп жүргендер еліміздің әр түкпірінен табылады. Ал иелігінде тоқымдай жері жоқ ауылдастар екі қолға бір күрек таппай қиналуда. Жағдай осындай болғандықтан ауыл- шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісі де өркендеуден алыс қалды. Сондықтан Президент ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрудың маңыздылығын тапсырды. Жүзеге асса жұртқа пайда келтіретіндігі анық.

Ал жыл сайын: «Қырманымыз дәнге, өрісіміз малға толды» деп қуанамыз. Алайда егіс алқабының көптігінен мол өнім алып жүргеніміз болмаса, алақандай жерден мол кіріске белшесінен батып қалатын өркениетті елдердің қарасын көре алмай отырмыз. Төрт түлік халқымыздың тіршілік көзі саналғанымен мал өнімдерінің сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ, елімізде егіс көлемін асыра көрсету, мал басын көбейтіп есеп беру дәстүрге айналып кетті. Осының бәрі Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Көпке топырақ шашпаймыз. Алайда мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек. Сонда ғана шынайылылық пен тазалыққа жетуге болады. 

Кенжебай ДОСЫМБЕКОВ,

Еркін ауылының тұрғыны, кәсіпкер