ТАЛҒАРДА "УАЦАП" АРҚЫЛЫ ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗАТЫН АЛАЯҚ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 14.12.2021
Оқылды: 993
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талғар ауданында тағы бір алаяқтық дерегі әшкере болды.

Ағымдағы жылдың қазан, қараша айларында Алматы, Қызылорда қалалары мен Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында тұратын жеті азамат интернеттегі алаяқтық деректері туралы Талғар полициясына  арызданған болатын.

Жәбірленушілердің арызына сүйенсек, "WhatsApp" мессенджерінде болашақ құрбандар қосылған арнайы топ құрылған. Хат алмасу және үлкен пайдаға кенелу туралы уәде беру арқылы олар ақша салуға адамдарды көндірген. Қажетті сома аударылғаннан кейін "Фарида" есімді әйел ізім-ғайым ізін суытқан. Қолды болған ақшаның жалпы сомасы анықталуда. Аталған деректер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша Талғар аудандық полиция бөлімінде тіркелді және тергеу барысында олардың барлығы бір өндіріске біріктірілді.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Талғар ауданы Қызылту ауылының 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол ұсынылған дәлелдемелерден кейін барлық эпизодтар бойынша өз кінәсін толығымен мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"