КӨЛІКПЕН КОНЬКИ ТЕБЕСІЗ. АЛМАТЫ-ҚОРҒАС "МҰЗ АЙДЫНЫ" КӨПШІЛІКТІ ШОШЫТТЫ

Уақыты: 25.12.2021
Оқылды: 869
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

"Алматы-Қорғас" автожолында үсті-үстіне 17 көлік соқтығысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

«Алматы облыстық полиция департаменті 25 желтоқсанда таңғы сағат 10-00 шамасында «Алматы-Қорғас» автожолының 134-нші шақырымында жолды қалың тұман басуына байланысты 17 автокөліктің соқтығысқанын хабарлады. Жол апаты кезінде 5 адам зардап шегіп, олар Шелек ауылының ауруханасына жеткізілді», - делінген полицияның ресми хабарламасында.

Оқиға орнында патрульдік полицейлер қызмет атқарды. Аталған автожолдың 84-134 шақырым аралығында уақытша қозғалыс шектелді. «Құрметті жүргізушілер, қозғалыс кезінде өте мұқият болуларыңызды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз!. Жылдамдық тәртібін бұзбау және арақашықтықты сақтап, жол ережесін естен шығармау қажеттігін еске саламыз!» - деді полиция өкілдері.

Үсті-үстіне соғылған автокөліктердің бейнежазбасы әлеуметтік желілер арқылы тарады. Алматы - Қорғас халықаралық автомагистралінде болған оқиға көпшілікті шошытты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"