ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІН ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 27.12.2021
Оқылды: 1299
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ былтырғы Жолдауында қылмыстық процеске үш буынды жүйе енгізілгенін айтқан болатын. Осыған орай ел ішінде «Бұл не қылған жүйе? Енгізіліп отырған жаңалықтың мәні неде? Неліктен оны енгізу қажеттілігі туындады? Ендігі өзгерістер қандай болмақ?» деген аса өзекті сауалдар туындағаны анық. Осыған орай Алматы облысының прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Азамат ЖЫЛҚЫБАЕВ "Жетісу" газетінің тілшісіне арнайы жауап берді.

– Азамат Сембайұлы, бүгінгі таңда құқықтық реформаны қарқынды жүзеге асыру барысында биылғы 1 қаңтардан бастап құқық қорғау мен сот органдары қылмыстық процестің үш буынды жүйесімен жұмыс істеуге кірісті. Оның мәні неде және осы үдерісте облыс прокуратурасының атқарар рөлі қандай? Жүйені енгізу қажеттілігі неліктен туындады? Жаңа жүйенің қарапайым жұртшылыққа қандай пайдасы бар?

– Мемлекет басшысы былтырғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында құқық қорғау мен сот органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырата отырып, үш буынды жүйені енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай еліміздің қылмыстық процесі үш буынды жүйеге көшіп, жаңа бағыт алғаны белгілі.

Жалпы, қылмыстық процестің үш буынды жүйесі барлық дамыған елдерде қолданылады. Бұл жүйеге қылмыстық процеске тікелей қатысатын қылмыстық қудалау органдары, прокуратура және сот саласы жауап береді. Қазір аталған құрылымдардың өкілеттіктері өзара нақты айқындалып, қарқынды жұмысқа кірісті.

Енді оның жұмыс істеу тәртібіне тоқталсақ. Қылмыстық қудалау органдары алдымен қылмысты және оған қатысы бар адамдарды анықтап, дәлелдер жинайтын болса, прокурор өзінің конституциялық өкілеттігімен жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарын бұзуды болдырмайды. Сол арқылы адал азаматты қылмыстық жауапқа тартуға жол бермей, сотта айыптауды қолдайды. Ал, сот тергеу сатысында прокурордың адам құқықтарын сақтауына бақылау жасап, қарау нәтижесі бойынша барлық дәлелді бағалайды. Ақырында түпкілікті үкім шығаруы тиіс. Міне, осындай қадағалау жауапкершілігі арқылы сотталушының барлық құқықтары назардан тыс қалмайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокурорларға азаматтардың конституциялық құқықтарына тікелей әсер ететін негізгі процестік шешімдерді бекіту және келісу жүктелді. Соған орай бірқатар өзгеріс енгізілді. Өзгерістердің басты ерекшелігі – адамды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқықбұзушылықты саралау жөніндегі, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін үзу, тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама мен бұйрықтық іс жүргізумен байланысты шешімдер прокурордың келісімінсіз заңсыз саналады. Бұл өзгерістер азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тартудың заңсыз әрекетін болдырмауға ықпал етеді.

– Осыған дейін жұмыс істеп келген негізгі процестік шешімдерді жаңа өзгерістерге сәйкес қабылдаудың қандай артықшылығы бар екенін мамандарыңыз жетік білетіндей уақыт өтті. Сонымен жаңа жүйеден қандай артықшылық, ерекшелік байқадыңыздар?

– Иә, әрине, жаңа жүйенің артықшылығы ә дегенде-ақ байқалды. Мысалы, прокурордың тергеп-тексеру органдарымен жедел өзара іс-қимыл жасау, артық бюрократиялық кідірістерді болдырмау қажеттігі ескеріліп, негізгі процестік шешімдер тек электрондық форматта қабылданатын болды. Бұл, біріншіден, тергеушілердің уақытын үнемдейтінін айта кету керек. Шынында қозғалған іс үшін прокурорға барудың, кабинеттерді аралаудың, «Шешіммен қашан келіседі?» деп сарыла күтудің қажеті жоқ. Ал, прокурордың негізгі шешімдерді бекіту және келісу мерзімі заңнамалық нормалармен нақты белгіленген.

Екіншіден – электрондық келісу тергеу органдарының басшылығына және қадағалаушы прокурорға қылмыстық істерді тергеу барысын онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған жаңашылдық қылмыстық қудалау органдарының қызметін оңтайландыруға, статистикалық мәліметтердің ашықтығы мен анықтығын қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Міне, осындай аса маңызды қадамдарды ескерген жаңа жүйенің тиімділігі көзге бірден түсті.

– Азамат Сембайұлы, қылмыстық процестің үш буынды жүйесі енгізілгеннен бері облыс прокуратурасының жұмысы қалай өзгерді? Осы уақыт аралығында қандай жұмыстар атқарылды?

– Бұл бағытта ауқымды іс-шаралар өткізіп, жұмыстың ұйымдастырылуын түбегейлі қайта қарап шықтық. Соған орай қылмыстық қудалау органдарына жеткілікті әдістемелік көмек көрсетіліп, бірқатар ақпараттық хаттар, зерделеу алгоритмдері жолданды. Барлық қабылданған негізгі процестік шешімдерді тексеретін арнайы мониторингтік топ құрдық. Ведомствоаралық жиналыстар жасап, облыстың барлық құқық қорғау органдарын дайындықтан өткіздік. Міне, осындай жұмыстардың оңды нәтиже беретінін жұртшылыққа дер кезінде жеткіздік. Биыл жыл соңында, 8 желтоқсанда облыстық, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары қатысқан Үйлестіру кеңесінің отырысын өткізіп, құқық қорғау жүйесінің үш буынды жүйесіне көшу және модернизациялау процесі аясында атқарылған жұмыстарды талқыладық. Соған орай тапсырмалар берілді.

Жалпы, жыл басынан бері 36 мыңнан астам қаулы мен хаттамалар қадағалаудан өтіп, 7 мыңға жуық процестік шешім келісу мен бекітуден өтпеді. Нәтижесінде жаңа жүйені енгізу бүкіл қылмыстық процестің кезеңіне оңды әсер еткені байқалды. Оны бірнеше бөлікке бөліп қарастыруға болады. Бірінші, прокурорлар 210 адамды күдікті деп тану туралы шешіммен келіспей, 15 адамға қатысты кейіннен ақтау негіздері бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатты. Осылайша, прокурорлар жазықсыз адамдарды қылмыстық қудалауға тартуға жол бермей, 98 күдіктінің іс-әрекетін саралауды мерзімінен бұрын берілген деп есептеп, келісуден бас тартты. Екінші, үш буынды жүйенің ықпалымен азаматтардың конституциялық құқының бұзылуына жол берілмеді. Үшінші, прокурорлардың істерді қосымша тергеуге қайтаруы 32%-ға төмендеді. Төртінші, іс жүргізу мерзімін тоқтату бойынша бұзушылық 57,4%-ға, мерзімін тоқтату туралы шешімнің күшін жою 67,3%-ға төмендеді. Бесінші, қателік, манипуляция, заңбұзушылық азайып, тергеу мен статистиканың тепе-теңдігі, саралаудың тазалығы және мерзімінің сақталуы қамтамасыз етілді. Осылайша қылмыстық іске қатысы барлар беретін шағым көлемі күрт азайып, қадағалаудың сапасы артқаны бүгінгі күннің шындығы.

– Үш буынды жүйенің алғашқы кезеңі қалай қалыптасып отырғанын айтып өттіңіз. Енді алдағы уақытта қандай өзгерістер орын алмақ? Жалпы, құқықтық реформаның келесі кезеңдері қалай жүреді? Толығырақ түсіндіре кетсеңіз.

– Қазір жобаның екінші кезеңіне дайындық жүргізілуде. Онда прокурорлардың өздері қылмыстық істер бойынша айыптау актілерін әзірлейді. Дәл осы құжат тергеп-тексеруді қорытындылайтын болады. Бұл прокурордың дәлелдемелерді тәуелсіз құқықтық бағалау механизмін күшейтіп, айыпталушыны сотқа беру жауапкершілігін арттыра түседі.

Жаңа өзгерістер келер жылдан бастап аса ауыр қылмыстарға қатысты енгізілсе, арғы жылдарға қарай салалық істерге ойысады. Мысалы, 2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық істеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, 2024 жылдан бастап барлық қалған санаттағы істерді өзгерістер күтіп тұр. Аталған өкілеттіктер Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында көзделген.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы