ТАЛДЫҚОРҒАН ГАРНИЗОНЫНДА АШЫҚ ЕСІК КҮНІ: ЖАСТАРҒА ҚАРУ-ЖАРАҚ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 30.12.2021
Оқылды: 1099
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған гарнизонына қарасты №18386 әскери бөлімінде Ашық есік күні ұйымдастырылды. 

Шараға қаланың №13 орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдері қонақ ретінде шақырылды. Бөлім командирінің ұйымдастыруымен орын алған шарада барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталды.

Іс-шараның мақсаты – жас буынды әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен таныстыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық рухтағы сананы ояту болды.

Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы аға лейтенант Ердәулет Жанәділ жастармен ашық сұхбаттар жүргізіп, бөлім аумағындағы әскери нысандарын таныстырып, келушілердің назарына түрлі әскери қару-жарақ пен ұрыс техникаларының түрлерін ұсынды. Сондай-ақ, балалар әскери киім үлгілерімен суретке түсіп, әскери бөлімдегі негізгі лауазымды тұлғалармен бірге әскери қару-жарақтарды тамашалады.

– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру – ол жастардың өз елі мен Отанын сүюге баулитын, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рухты қалыптастыру болып табылады, – деді аға лейтенант Ердәулет Жанәділ.

Шара соңында келушілер жиынның қызықты ұйымдастырылғанын айтып, ұжымға алғыстарын білдірді.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Алматы облысы