ТАУ БАСЫНА ӨРМЕЛЕУДЕН ТАЛДЫҚОРҒАН ГАРНИЗОНЫ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 1335
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында «Әскери альпиниада – 2021» жеңімпаздары анықталды.

Іле Алатауында Қорғаныс министрлігі Тау даярлығы орталығының базасында өткен «Әскери альпиниада – 2021» жарысында Талдықорған гарнизоны жеңімпаз атанды.

Аталмыш жарысқа Бас штаб бастығының кубогын жеңіп алу үшін Талдықорған гарнизоны №48386 әскери бөлімінің тау даярлық ротасы қатысып, бақтарын сынады.

Сайыстың мақсаты - Қазақстан Қарулы Күштерінің тау даярлығы бөлімшелерінің деңгейін және қызмет беделін арттыру. Сондай-ақ, «Армия ойындары – 2022» сайысында «Эльбрусс шеңбері» байқауына қатысу үшін ең мықты әскери қызметшілерді анықтау.

Жарыс барысында спортшылар берілген арнайы тапсырмаларды орындап шықты. Олардың ішінде Нұрсұлтан шыңына шығу, өзен арқылы аспалы арқанмен өту және жапсарласа өту, зардап шеккен адамды тасымалдау. Қатысушылар жартасқа жеке өрмелеу машығын көрсетіп, ойлы-қырлы жерлерге марш жасады.

Тартысты сайыстың нәтижесінде 3633 ұпай жинаған №48386 әскери бөлімінің тау даярлық ротасы жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлады.

- Дәл осындай сайыстардың арқасында жеке құрам шыңдалып, мақсаттарына жетуге себеп болады. Жеке құрамды, солардың ішінде қатысушыларды Бас штаб бастығы кубогын жеңіп алғаны үшін шын жүректен құттықтаймын, - дейді №48386 әскери бөлім командирі, подполковник Мерген Нұрбаев.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Алматы облысы