ӘСКЕРИЛЕР АЯЗ АТАНЫҢ КИІМІН КИІП, БАЛАЛАРҒА ОЙЫНШЫҚ ҮЛЕСТІРДІ

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 1398
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған гарнизонына қарасты №54380 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мереке аясында Қарулы Күштердің ардагерлері мен көпбалалы отбасыларын Жаңа жылмен құттықтады.

Аталған бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Айбек Боданның ұйымдастыруымен өткен шарада әскери қызметшілер ардагерлерді Жаңа жылмен құттықтап, оларға зор денсаулық пен береке, ал бүлдіршіндерге жарқын болашақ тіледі. Сондай-ақ, әскерилер Аяз Ата мен Ақшақар болып, балаларға арнап тәтті сыйлық пен ойыншықтар әкелді.

Аталған әскери бөлім қайырымдылық іс-шараларды ұдайы өткізеді. Олар балалар үйі мен қарттар үйін, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін және көпбалалы отбасыларын қамқорлыққа алған. Бұл Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық әскери қызметшілерінің тұрақты түрде жүргізуге және қолдауға тырысып бағатын қайырымдылық жұмысының бір бөлігі болып табылады.

– Жаңа жыл - жақсы сөз айтып, бір-бірімізге ақ тілек ақтаратын мезгіл. Сондықтан, жаңа жылдық тосынсый жасап, балалар мен ардагерлерімізді қуантуға бел будық. Жаңа жыл құтты болсын, – деді подполковник Айбек Бодан.

Талдықорған гарнизонында орналасқан №18404 әскери бөлімі де Жаңа жыл мейрамымен құттықтады. Әскери бөлімнің 1-ші десанттық-шабуылдау батальонының басшылығы көпбалалы әскери қызметшілердің отбасылары мен күтімді қажет ететін балалардың шаңырағына барып, оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Аяз ата мен Ақшақар балаларға тәттіге толы сыйлықтарын үлестірді.

– Әскери қызметшілердің отбасындағы жағдайларына әрқаша қажетті көңіл аударамыз. Мереке қарсаңында ерекше күтім қажет ететін және көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмаймыз, оларға үнемі көмек қолымызды созамыз, – дейді батальон командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, капитан Жәнібек Жұмадуллаев.

Бөлім тарапынан келген құттықтау тілектері мен сыйлықтарға қарық болған көпбалалы отбасылар мен күтімді қажет ететін балалардың ата-аналары әскери қызметшілерге өз ризашылығын білдіріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"