ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ ҚАЗА ТАПҚАН ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ОТБАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 28.01.2022
Оқылды: 1678
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу өлкесіне Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ келді. Министр жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан екі полиция қызметкерінің отбасына мемлекеттік наградалар тапсырды.

– Әріптестеріміз, полиция лейтенанты Дархан Барғанаев пен әділет прапорщигі Ербол Ержанов қызметтік міндеттерін адал атқарып, отандастарына ерліктің үлгісін көрсетті. Олардың арман-мақсаты, болашаққа деген сенімі зор еді. Азаматтардың қазасы барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен антына адал болып, қаһармандық танытқан полицейлер ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды, – деді Ішкі істер министрі.

Министр өз сөзінде ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте және тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрқашан алдыңғы шепте жүретінін баса айтты. Полиция қызметкерлерінің әр күні, әр сағаты қауіп-қатерге толы. Министрдің сөзінше, қоғамда орын алып жататын түрлі қылмыстық оқиғалар, жаппай тәртіпсіздік кезінде, зорлық-зомбылық, ұрлау-тонау сияқты қиын жағдайларда полиция өкілдері бірнеше секундтың ішінде шұғыл шешім қабылдайды. Нәтижесінде, қауіптің бетін қайтарып, көптеген азаматтарды аман алып қалуға, қоғамда тәртіп орнатуға тікелей атсалысады. Сондықтан, полицияның қызметі асқан жауапкершілікті, қырағылықты, ел тыныштығы үшін үлкен тәуекелдерге баруды талап етеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"