«Жаңа қазақстанның тірегі­ – айбынды жастар» акциясы өтті

Уақыты: 14.10.2023
Оқылды: 856
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық қорғаныс істері департаменті Отан қорғауға әскерге шақырушыларды дайындау бойынша жастар арасында «Жаңа қазақстанның тірегі­ айбынды жастар» акциясын өткізді. Шарада Қарулы Күштердің мәртебесін және әскери қызметтің абыройын көтеріп, сондай-ақ, жастарды әскери парызды орындауға және азаматтарға әскери-партиоттық тәрбиеге ынталандыру мақсаты алға қойылды.

І. Жансүгіров атындағы мәдениет үйінде өткен жиынға мектеп оқушылары, колледж білімгерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мен әскери кафедра студенттері қатысты. Аталған шарада «Қарулы Күштер ардагерлері» Жетісу облысы филиалының төрағасы Рахым Қырғабақов, радиоэлектроника және байланыс әскери институтының әскери-патриоттық және идеологиялық жұмыс бөлімінің бастығы майор Мирас Калиуллин, құрлық әскерлері әскери институтының идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыс бөлімінің офицері майор Мұратбек Құлшаев өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық сауалдар бойынша баяндама жасады.

Өз кезегінде облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы, подполковник Медет Турскелдиев сөз алды:

Жетісу облысында 26 мыңға жуық шақырылушылар есепте тұр. Оның ішінде әскерге шақыруға жататындар саны – 7 мыңнан асады. Азаматтарды әскери қызметке шақыру сапасы жергілікті басқару органдарымен қатар мемлекеттік билік, денсаулық сақтау және білім, құқық қорғау органдарының және олардың әскери қызмет, міндеттері туралы заңнамалардың талаптарын орындауына байланысты.

Біздің бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар. Ол тәуелсіз Қазақстан. Ал біз бен сіз сол Отанның ажырамас бөлшегіміз, перзентіміз, берік қалқанымыз. Жүрегі елім, жерім деп соққан әрбір азамат қасиетті көк байрағымызды көкте желбіретіп, Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, жерімізді жан аямай қорғауға дайын болса, біз Мәңгілік ел бола аламыз, – деді.

Шара соңында ұлттық әскери патриоттық оркестрдің сүйемелдеуімен әншілер ән шырқап, бишілер би биледі.

Айғаным ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ