Уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту кезінде 862 миллион теңге жымқырылған

Уақыты: 30.04.2024
Оқылды: 246
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаратау кенішіндегі уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту кезінде 862 млн теңге жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы Антикорға сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қаратау" ЖШС бұрынғы басшылығына ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ еншілес ұйымы), "Iri building" ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтады.

Мердігер 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.

Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және "Қаратау" ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлылық нәтижесінде жасалған.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді. "Iri building" ЖШС-нің нақты иесі іздеуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Еске салайық, бұрынғы вице-министр Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекетке никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар Қостанай облысындағы бірегей "Шевченковское" кен орны қайтарылды. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.

Фото: Tengrinews.kz/Турар Казангапов