ЖЫЛДАМ ХАБАР АЛҒЫЗҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕР

Уақыты: 07.05.2024
Оқылды: 443
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әскери өмір дегенде көз алдыңызға не елестейді? Жай кісінің ойы қалай боларын қайдам, ер жігіт болып өмірге келіп, Отан алдындағы азаматтық борышын өтегендер бірауыздан тәртіп пен талап дейді. Шынында солай. Батыр баба Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «Тәртіпке бас иген құл болмайды». Бұл сөз әлі де әскери адамның басты ұраны. Біз мереке қарсаңында 54380 әскери бөліміне арнайы барып қайттық. 


Бұл бөлімде байланыс полкі орналасқан. Былайғы тілде айтқанда «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» әскери құрылым. Тарихын сонау 1976 жылдан бастайтын бөлім қай уақытта да маңызды нысандар қатарында. Алғаш құрылған сәтте байланыс бригадасы болып құрылған. Бір бөлімі Талдықорған қаласында, екінші бөлімі Аягөз аумағында орналасыпты. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста ҚР әскери құрылымына жұмылдырылып, полк болып құрылған. Аягөздегі екі бөлім Талдықорған қаласына қосылып, 2010 жылдан бастап құрлық әскері құрамына өткен. Прапорщик Александр Федоровтың айтуынша, қай кезде де Отан қорғаушылар үшін маңызды рөлге ие полк 2002 жылдан бері Қазақ- станның және халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығудың бәріне қатысып келеді. Себебі байланыс – соғыс жағдайында да, бейбіт кезде де әскерилердің ең маңызды саласы. 

Космостық радиостанция, спутниктік станция, телеграф, телефон, радио және бейнебайланыстарды орнату сынды ауқымды қызметтерді атқарады. Қандай және қай елдің қондырғыларын пайдаланатынын бізге ашып айтпады. Өйткені маңызды миссияны атқаратын полктің жарияға жар салмайтын құпиясы көп. Бетін аулақ қылсын, бірақ алда-жалда елге және оның тұтастығына қауіп төндірер сәт туса, мұндағы тыныштық сақшылары бір стансыны бар-жоғы 10-15 минутта құрып, әскери құрылымдар арасында байланыс орнатады. Батальон командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары Жасұлан Кәріпханның айтуынша, мұндағы 400-ге жуық келісімшартпен қызмет етіп жүрген сарбаздар мен мерзімді азаматтық борышын өтеушілер аса маңызды құрылымның жұмысын жаңылдырмауға машықтанады екен.

 – Мамыр айының 6-жұлдызында Түркістан облысынан 30, Жетісу облысынан 30 мерзімді әскери қызмет етушілер келеді. Байланыс полкі шалт қимылға, әскерилердің жылдам хабар алуына бейімделуі керек. Бейбіт күнде саптық тексеріс сағат 8-де басталады. Оқу-жаттығу дабылы кезінде, бетін аулақ қылсын, соғыс жағдайында әскерилер бар-жоғы 2 сағатта сапқа тұрып, басшылықтың нұсқауына сәйкес байланыс қондырғыларын іске қосуға даяр болуы керек. Осыдан болар, біздің полктің сарбаздары жоғары сұранысқа ие. Мәселен, Бекжан Нұрахметов есімді әріптесіміз БҰҰ-ның «Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштер» бітімгерлік контингентінде қызмет етуде. Бірер жыл бұрын бітімгерлік миссиясымен Ливияда бейбітшілік әскері сапында болды, – дейді Жасұлан Кәріпхан.

Мұнан әрі әскери өмір жайында бөлім командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары Асхат Оспанов таныстырды. Біз әуелі казармаға, асханаға бас сұғып, әскерилердің тұрмысына қанықтық. Жоғарыда айтқанымыздай, жуырда мұнда 60 әскери борышын өтеушілер келеді. Казарма екі қабаттан тұрады. Әр қабатында офицерлер құрамын есептемегенде 30 сарбаздан, әр қабаттағы әр жатын бөлмеде 10 сарбаздан орналасады. Асхат Кемелбекұлы таныстырылымды жатын бөлмеден бастады. Сарбаздардың келуіне сақадай сай. Енді келетін мерзімді әскери қызметшілерге арналған гигиеналық заттар дайын. Одан бөлек сарбаздар тынығатын, теледидар қарайтын бөлме де бар казармада. Сонымен қатар, мұнда ақпараттық-тәрбие жұмысына арналған бөлме, әскери жабдықтар бөлмесі, жуыну, тұрмыстық, киім кептіру бөлмесі және спорттық бұрыш бар. 

Әскери бөлімде нағыз ерлермен иін тіресіп азаматтық қызметшілер де тер төгуде. Толқын Уақбаева полк сарбаздарын мемлекеттік тілде еркін сөйлетуге тер төгеді. Себебі, ол мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маман. Т. Шыңғысқызы бөлімде мемлекеттік тілдің салтанат құруына тер төгеді. Одан өзге, қазақ тілін жете түсінбейтіндерге дәріс береді, орыс тіліндегі хаттар мен жарлықтарды қазақ тіліне аударады. 

Ерлермен иін тіресіп, нәзіктігіне қарамай Отан қорғауды қасиетті борыш санайтындардың қатарында Әсем Ахметжанова да бар. Бұрымды сарбаз 2 жылдан бері осы бөлімде. «Шамам келгенше елімді, жерімді қорғауға дайын болуым керек», – дейді ол. 

Жалпы, байланысшылар полкі орналасқан 54380 әскери бөлім туралы ақпар осы. Кей дүниені құпиялықты сақтау мақсатында газет бетінде жариялауға болмайтынын офицерлердің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасарлары мәлім еткен еді. Қауіпсіздік үшін. Отан үшін отқа түсуден тартынбайтын нағыз патриот азаматтар қызмет етуде. Бастысы, айшылық жерден жылдам хабар беретін сарбаздарымыз дін аман болсын. 

Дастанбек САДЫҚ