ҚЫРАҒЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ҚАРЛЫҒАШЫ

Уақыты: 07.05.2024
Оқылды: 434
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ерлермен қатар ел қорғау секілді ауыр міндетті арқалап, ел тыныштығын күзетіп жүрген нәзік жандар облысымызда  баршылық. Солардың бірі – «Қорғас» шегаралық бақылау басқармасының «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» кіші бақылаушысы Қарлығаш Оралғазы.


Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген Қарлығаш 1984 жылы 22 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз бала күнінен темірдей тәртіпті талап ететін әскери салада қызмет істейтіндерге қызығатын. Бірақ, мектепті тамамдаған соң қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып, ұстаздық жолға бет бұрады. 

2005 жылы жолдасы Руслан Серіковпен тұрмыс құрады. Әскери салада табан аудармай қызмет атқарып жүрген жолдасына қызығып, осы салада қызмет атқаруға бел байлайды. 

Алғашында отағасы «Әскери сала қыз бала істейтін жұмыс емес» деп қарсы болды. Кейіннен осы салаға қатты қызығатынымды көріп, келісімін берді. Сөйтіп алғашқы қызметімді 2012 жылы Зайсан қаласындағы №2017 әскери бөлімі «Ақжар» шегара комендатурасында радиотелефоншы болып бастадым. 2014 жылы «Қызыл» шегара заставасында аға радиотелефоншы болдым. 2018 жылы отағасы екеуміз «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына» қызметімізді ауыстырдық, – дейді. 

Жұмысқа кірген күннен бастап қайсар қыз өзінің еңбекқорлығымен, жұмысқа деген құлшынысымен көзге түседі. Шегарадан жалған құжат арқылы өтпек болған талай қылмыскерді ұстайды. Биылдың өзінде 3 заң бұзушыны құрықтаған. Жұмысын жанкештілікпен істеп жүрген отбасы бүгінде 3 ұл 1 қыз тәрбиелеп отыр. 
Иә, әскери өмір нәзік жанды әйел заты үшін оңай емес. Бүгінде ол  жауапты маман ретінде қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан өз міндетін мүлтіксіз атқаруда. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрген  шегарашы қыздың жұмысы көпке үлгі.

Айдар ҚАЛИЕВ