АРХИВ: СОҒЫС ДЕРЕКТЕРІ СӨЙЛЕЙДІ

Уақыты: 17.06.2019
Оқылды: 2535
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыстық мемлекеттік архив қорында Екінші дүниежүзілік соғысқа белсене араласып, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аға буынға қатысты көптеген құнды құжаттар сақталуда. Сол қатарда соғыс ардагері Өміржан Игибаевтің жеке қоры құнды иелік болып табылады. Жеке қорына №758 жеке тектік қор беріліп, мағынасына қарай оның өмірбаяндық құжаттары, Құрмет грамоталары, фотосуреттері, жасаған қызметтері мен шығармашылық өміріне байланысты топтарға бөлініп, сақтауда тұр.

Ендеше, соның бірін оқып көрелік: Өміржан Игибаев 1942 жылы 27 мамырда Кеген селосында әскер қатарына шақырылады. Ол кезде 19 жаста еді, жолға керекті азық-түлікті арбаға салып, жаяу 9 күнде Алматыға келеді. Сол жерден Башкирдің Краснохолм ауданында, кейіннен Уфа қаласының жанында, «Алькин» стансысында «кіші командирлерді даярлайтын» әскери училищеде бір жыл оқып, сержант шенін алады. Оқу бітісімен мамыр айының аяғы 1943 жылы соғысқа жіберіледі. Ол алғаш рет зеңбіректің дауысын, снарядтың жарылысын, соғыс алаңында қырылған «совет армиясы» жауынгерлерінің Курск шенінде майданға кіргенде көрді.

Неміс армиясы Курск майданында талқандалғаннан кейін, Украинадағы  Днепр өзенінің жағасында Кременчук қаласын жаудан босатуға атсалысып, Днепр өзенінен соғыспен өтеді. Днепр өзенінен өткеннен кейін неміс армиясын өкшелей қуа отырып, Киевті азат ету барысында жараланады. Алғаш Харьковте, кейіннен Саратов қаласының Ершова (АОМА. Қор-758, Т-1, Іс-1) деген жерінде далалық ауруханасында екі 2 ай, 15 күн жатып емделеді. 1943 жылы желтоқсан айында, ауруханадан үш ай кейінге шегеріліп, ауылға барады. Содан соғыс біткенше жұмыс істеген. Майданда болған кездерінде неміс фашистеріне қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін, 1943 жылы қазан айында СССР Жоғарғы Советінің бұйрығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен, бұдан басқа соғыста және бейбіт өмірдегі еңбектері үшін, 9 медальмен марапатталған.

Соғыстың аяқталуына қырық жыл толуына байланысты "Отан соғысы" орденімен марапатталған. 1945-1956 жылдары ауданда оқу-ағарту саласында мектептерде мұғалім, аудандық оқу бөлімінде инспектор, 1957-1983 жылдары партия, совет органдарында жауапты қызметтер атқарып, кеңшар партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс атқарды.

Біз бұл жерде бір ғана құжат бойынша оқырмандарға ақпар беріп отырмыз. Бұл істі алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Себебі, осындай дерек қорлары ардагерлер өмірін тануға әлі де бағдаршам бола бермек.

А.ЫДЫРЫС,

Алматы облысы мемлекеттік архивінің архивисі

Фото ғаламтордан алынды