Тіл және ұлылар ұлағаты

Уақыты: 10.05.2024
Оқылды: 399
Бөлім: ТҮПСАНА

Егеменді ел атанып, бөркімізді аспанға аттық. Иә, сансыз шүкір Аллаға! Екінің біріне бұйыра бермейтін теңдесіз бақыт. Енді, етек жеңді жиып, еңсе тіктеуге бет алдық міне,  дегеніміздің өзіне 30 жылдан астам уақыт өте шықты. Осы барыста барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп, ұлт құндылықтарын ұлықтаумен келеміз. Бірақ, не тындырдық?

Бастысы Ата заңымызда қазақ елінің мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп анық жазылған. Өйткені, бабаларымыз ғасырлар бойы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен көздің қарашығындай қорғап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұлан-ғайыр осынау даланың жалғыз иесі қазақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:  –«Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» - деп баса атқан еді. Әрине, тіл тағдыры – ел тағдыры. Қазақ тілі киелі өлкеде көз ашып, тұнығымен сусындап, ауасымен тыныстап жүрген әрбір жанға ортақ, бағалай білу басты парыз. Алайда заңға сай бүгінге дейінгі мемлекеттік тілдің көкжиегін көркейтіп, мерейін үстем ету көңіл көншітеме?  Не кедергі? Бүгінде 2 миллионнан астам сөз қоры бар, әлемдік бай тілдердің алдыңғы үштігіне енетін қазақтың тілінің қадір-қасиеті қай тілден кем? Кешегі ел мен жердің тағдырын қызыл тілдің құдіретімен, бір ауыз жүйелі сөзбен шеше білген ұлылар ұлағаты не дейді? Сапырылған сауал көп санада. Басқа емес, бір сәт  өз-өзімізге есеп беріп, бағдар бағамдап, жан-жақты жаңарумен бірге жаңа бір бағытқа қадам басатын кездің келгені анық бізге.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсын бірде: – «Атадан балаға мирас болып екі-ақ нәрсе қалады. Біріншісі - бай тіл, екіншісі - байтақ жер», - деп түйіндепті. Бай тіл, байтақ жеріміз де бар. Тағы бірде ұлт ұстазы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады, өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйін түйгенінше айтуға жарау», – деп тұжырымдаған. Дара түйін, дана тұжырым. Бірақ, жалпы ұлтты толғандыратын салиқалы ой, саф алтындай осы бір сөз жауһарларынан  не түйдік? 

Ақиқаты сол ұзақ жылдық зобалаң, халқымыздың басынан өткен сын-сынақ, сан қилы тағдыр тауқыметі ұлттық имунитетті әлсіретіп, қазір қанша жерден еркін елміз деп көкірек кергенімізбен сол баяғы өрмекшінің торындай шырмалған ескі санадан еш арыла алмай келеміз. Тіпті, өз ел, өз жерімізде жүріп өзгенің тілінде сандуғаштай сайрап, өз ана тілімізге мұрын шүйіре қарайтындар да бар арамызда. Базарларға бара қалсаң алашұбар жарымжан жарнамалардан көз сүрінеді. Жұрт жиі жүгінетін елдегі кейбір банк, почта, жолаушылар бекеті, денсаулық сақтау сынды мекемелер іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіргенді қойып қызметкерлері айтар ойын қазақ тілінде толық жеткізе алмайды. Олардың саңылаусыз сезіміне қарап еріксіз кейістік танытасың. Жасырары жоқ мемлекттік тілдің адымын аштырмай аяғына тұсау болып отырғандар да міне солар. Сондайларға қаратса керек сөз зергері Шерхан Мұртазаның: «Тіл сақталса, ұлт бар. Тіл сақталмаса, шетінен генийлер болып қалса да, ұлт болып есептелмейді. Ол не шайка болады, не мафия болады, не элита болады. Сондай бір бұзақылардың бас қосуы болып шығады», – деп ашына айтқаны бар. Айтылуы айтылды-ау. Бірақ, сүйектен өтетін сөз семсері әлі күнге  кейбіріміздің  намысымызды жанып, ұятымызды оята алған жоқ. Ұлт ұятын оятуға саралайтын сана кере. Сана жаңғырмай, қоғам серпілмейтіні белгілі. Сананы жаңғырту үшін тек хакім Абай жаққан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қаситерінің сөнбес сәулесі ауадай қажет-ақ бізге.

Бүгінде шар әлемге ірге тепкен 200-ден астам мемлекетте 256 ұлт өмір сүреді екен. Олардың мақсат-мұраты бір ғана тіршілік ету болса да әр халықтың өз ана тілі, діні, ділі, төл мәдениеті, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы бар. Осы бір баға жетпес құндылықтар әр ұлттың өзіне ғана тән руханиятының айнасы, ұрпағының болашағы. Ал, ел мен елдің қарым-қатынасын нығайтып, күллі адамзат баласын бір бірімен байланыстыратын киелі құрал тіл екені еш шүбәсіз. Сондықтан да көп тіл білу ана тілімізді шеттету емес,  заман талабы. Әлемдік өркениетен озық үлгі алып өз еліңнің өркендеуіне үлес қосу. Бұл бабаларымыздың: – «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» ақылиясына сай Мемлекет басшысының: - «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» айтылымының ақиқатына саятыны айқын. Ана тілі ұлтымыздың бойындағы Тәңір сыйлаған жалғыз асыл қазынасы. Қазақ поэзиясының қара нары, әйгілі ақын  Қадыр Мырзалиевтің философиялық ойымен жеткізсек:

Ана тілің біліп қой,
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

Туған тіл ұлттың рухы, жаны, тәні, жүрегі, ел тәуелсіздігінің тірегі. Оны тұғырлы етіп, абыройын асқақтату өз қолымызда екенін ешқашан естен шығармаған абзал.

 

                                                                           Айдын КӘЛІМХАН.

Фото: Zharar.com