Мешіт жанынан жаңа ғимарат ашылды

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 500
Бөлім: ТҮПСАНА

Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылындағы Кішім апа мешітінің жанынан жаңа ғимарат ашылды. Имандылық үйінің ашылуына Көксу ауданы әкімінің орынбасары Серік Тасқанбаев бастаған аудан басшылары, Астана мен Алматыдан, облыстың түкпір-түкпірінен келген қонақтар қатысты.

Іргетасы 1928 жылы қаланған Еңбекшіқазақ бір кездері миллионер кеңшар атанды. Талай талантты ұл-қызды тарихқа қалдырды. Қазір ол кісілер өмірден өтіп кеткенімен ізгіліктің жібін жалғап жүргендер көп.  Солардың бірі Еңбекшіқазақ ауылының тумасы, белгілі меценат Дәулет Жапуов. Аталары сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдары күшпен жер аударылған халықтардың қатарында осы ауылға қоныстанып, ұрпақ өрбітіп, болашағын кемелдендірген. Міне, солардың ұрпақтары ауылға сәулеті мен сәні жарасқан мешіт салып берді.  

– Еңбекшіқазақ ауылында тудым, балалық шағым осында өтті. Атам да, әкем де, туыс-туғандарым да ауылдың өркендеуіне үлкен үлес сіңірген азаматтар. Ауылға жасаған жақсылығымыз жастардың имандылығы мен елге қызмет етуге деген ұмтылысына септігі тисе біз үшін үлкен қуаныш. Кішім апамыздың мешіті ауылдастарға тарлық етіп жүр еді. Міне, енді азаматтардың ауызбірлігінің нәтижесінде жаңа нысан салып бердік, – дейді кәсіпкер.

Кішім апа осы өңірдегі ел-жұртқа өнегелі ісімен, жақсылығымен танылған адам. Апамыз қайтыс болған соң тұрған үйін ұрпақтары 2004 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының балансына өткізіп, шағын мешіт тұрғызды. 2018 жылы ауыл азаматтары мешіттің жанынан қатымхана салып, ауылға тағы да бір тарту жасады. Сол игілікті істердің басы-қасында жүрген азаматтарды да осында жолықтырдық.

– Кішім апа мешіті осыған дейін ауыл тұрғындарына қызмет етті. Енді жаңа мешіт үйі салынды. Алдағы уақытта ескі мешітті ауылдың өткені мен бүгінінен сыр шертетін мұражай үйіне айналдыруды ойластырып жатырмыз, – дейді ауыл тұрғыны Дархан Сапашев.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алар кемеңгерін» деген Ілияс Жансүгіровтің өсиетін жүрегімізге сақтаған жұртпыз ғой. Ауылға сәулетті мешіт салып берген Дәулетке де ауылдастары қос ат мінгізіп, ризашылығын жеткізді. Өткен ата-бабалар аруағына арнап құран оқытып, ас беріп, перзенттік борышын да атқарды. Жақсы іске жадырап, болашақ қадамдарға сәттілік тілеп қайттық.

Қажет АНДАС
Еңбекшіқазақ ауылы