ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ - ҚАЙЫРЛЫ ІС

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 767
Бөлім: ТҮПСАНА

Мейірімділік – адамдар арасындағы сыйластық, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерге негізделеді. Әр адамның қайырымды болуы оның отбасындағы тәрбиесіне, өскен ортасына да тікелей байланысты. Қазақ халқы қашаннан балаларын ата-анаға құрмет көрсетуге, өзінен кішілерге қамқор болуға тәрбиелеген. Пейілі ізгілікті сүйетін, жаны жақсылық жасауға құмар жомарт жандардың арамызда көп және олармен күнделікті жұмыс та атқарудамыз. Осыған орай «AMANAT» партиясынан Жетісу облыстық мәслихатының депутаты ретінде осы бағытта атқарылған жұмыстар жайлы ой бөліспекпін.


Депутат – халықтың қалаулысы және халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір, дәнекері. Бірақ атқарушы органдар өз құзыретінде шешілетін мәселелермен қатар  халық қалаулыларының да бұл жұмыста үлесі зор деуге болады. Өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайды қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады.  Адамдық жүрген жерде қамқорлық жүретіні хақ. «AMANAT» партиясының дәстүрге айналған игі шараларының бірі – «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы. Бүгінде өңірдегі жалғызбасты қарттарға қамқорлық көрсетіп қана қоймай, сол арқылы  жастардың үлкен кісілерге ықыласпен қарауына үлкен септігін тигізеді. Осы мақсатта әріптестерімізбен, белсенді еріктілермен түрлі санаттағы азаматтарымызға, оның ішінде жалғызбасты қарттар мен тыл еңбеккерлеріне, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қамқорлық шарасы үнемі ұйымдастырылып, облыс бойынша 50 қайырымдылық акциясында 200-ден аса қартқа мекенжайлық көмек көрсетілді.

Жалпы республика көлемінде «AMANAT» партиясының мүшелерімен бірлесе 20 мыңға жуық зейнеткерге атаулы көмек көрсетіліп, 41 мыңға жуық қарияға үйде медициналық қолдау ұйымдастырылды. Қоғамдық комиссиялар мемлекеттік және жеке медициналық-әлеуметтік мекемелерде қарттарға жасалған жағдайды қадағалап, 303 рейд жүргізді.

Елдің болашағы – жастардың қолында. Бүгінде жастарға жасап жатқан қамқорлығымыз, қолдауымыз қандай? Әр жасты мазалайтын сұрақ, оқу орнын тамамдаған соң  «Дипломмен қайда барамын?» деген мәселе бар.  Осы орайда «Жастарға жұмыс» жобасы шеңберінде өткен жылы өңір жастары үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 3890 жас кеңес алған болса, 760 жас тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Жоба аясында жастарды ірі кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу және алдағы жұмыспен қамту мәселесін шешу мақсатында 18 мекемемен өзара іс-әрекет туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдікпен несие беру бағдарламасы жастар арасында кеңінен насихатталып, жалпы саны 259 жоба қарастырылып, 241 жобаға жеңілдетілген жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын несие берілді.  

Адам баласының қамқорлығына мұқтаж жандармен қатар табиғатымыз да аялауды қажет етеді. Осы орайда өңірде экологиялық мәдениет пен өмір салтын қалыптастыру мақсатында, сондай-ақ экологиялық мәселелерді тиімді шешуге ықпалдасу мақсатында «TazaLike» жобасы аясында өткен жылы облыс бойынша 8 мыңнан астам адамның қатысуымен 32 экологиялық акция өтті.

Жоба аясында өңірдегі тарихи, мәдени және табиғи мұраны вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық «Вандализмге жол жоқ» экоакциясы облыста да жалғасын тауып, «Алтын Адам Жетісу шеберлері» қоғамдық бірлестігі және «Kazecopatrol Жетісу» еріктілерімен бірлесе Талдықорған  қаласының «Қызыл тас» саяжайының аумағындағы «Тасбақа» тасының маңындағы қоқыстарды  тазартты. Экоакция кезінде «Тасбақа» тасы аумағында тау-кен жұмыстары жүргізіліп жатқандығы анықталды. Қазіргі таңда  тау-кен жұмыстарының табиғат сыйлаған «Тасбақа» ескерткішіне қауіп төндіруінің алдын алуы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш жоба аясындағы іс бұған дейін Панфилов, Кербұлақ, Ескелді, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында да өтті.
Дана халқымыз «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», «Бір қолың жасаған жақсылықты екінші қолың көрмесін» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан ұйымдасып істеген игілікті шаралар мұнымен тоқтап қалмайды, әрі қарай да жалғасын табады.

Еркебұлан АҚБОЛАТОВ, 
     Жетісу облыстық
мәслихатының депутаты