Қияметтік дос

Уақыты: 15.03.2024
Оқылды: 163
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өмір. Дүние. Фәни. Бұл үш сөздіңде мағынасы бір. Адамның баласы жерге анасының тар құрсағынан шыққан сәтте, шырылдаған күйде шығады. Ең алғашқы іздейтін адамы анасы. Басқа ешкімде емес. Уақыт өтіп, кеудесін жерден көтере еңбектеп, аяғын топ-топ басып, қатал өмірдің ағысына ерте ергісі келіп жан-жағына елең-елең қағады. Алдынан қаншама игі жақсылар да, арамдар да, жанашыр да, жауыз адамдар жолығады.

Саралай жүріп әр адам баласы өзіне бір адамды жақын тартып, бір анадан тумаса да, бауырдай болып кетеді. Ол адамды біздің ғаламда - “қияметтік дос” дейді. Алладан келген ең үлкен сый - қасына хайырлы жолдастарды жинап қояды екен.                                                                                                                                                                                 

Үйде бес баламыз. Түсінгенім бойынша Әрбір үйде бір бұзық, бір ақкөңіл, бір жуас, бір өзімшіл айтқанын істететін бала болады екен. Өз басым бірінші сыныпқа аяқ басқаннан бастап, өзімшіл бала болдым. Ешкімге жаным ашымайтын, тек мен алсам, мен жүрсем, мен көрсем дедім. Сыныпта да мен ғана жақсы оқыймын, менімен тең адам жоқ деп ешкіммен дос бола алмадым. Сөйте келе бала мінез басылып,орта буынға өткен кезде жанымнан адам шықпайтын, бір ортаға кірсем бәрімен тіл табыса кететін ашық жанға айналдым.

Бесінші сыныптан бастап ой-өрісім кеңейіп,  сыныптас құрбыммен үйдегі болған жағдаяттарды, ешкімге айтылмауы керек әңгімелерді айтып,сыр шертісіп кеттік. Қалай жақын адамыма айналғанын уақыт өте келе түсінбей де қалдым. Бұрын анаммен бөлісетін мән-жайды сол құрбыммен ақылдасатын болдым. Солай мектептің 11-ші баспалдағын бітіріп,түлеп ұшқаннан кейін ол Алматы қаласына мен Талдықорған қаласына оқуға түстім. Арамыздағы ара-қашықтыққа қарамай жақсы қарым-қатынаста болдық. жібімізді үзбедік.                                                                                                                                                                                

2021-ші жыл. Қазан айы басталғанына 5- күн болды. Ол мүлде хабарсыз. Ешқандай әлеуметтік желілерге де кірмеді. Қайдан іздерімді білмедім. Мендегі қолымнан бар келері тек сабырмен күту ғана болды. Жеті күн өтті, сегізінші күнге  ауысқан түн. Жаңбырлы. Жатахананың терезесін ағаштардың бұтақтары сызып өтіп, желмен ары бері тербеліп тұр. Бетіме  түскен айдың жарығы аппақ болып, ұйықтатар емес.

Ары аунап,бері аунап мазам болмағасын телефонымды алып,белгісіз номерден келген хабарламаны оқый отыра ұрттаған бір  жұтым  суым өңешімді жыртып өтті. Хабарламада:                                                                                                                                                   - Сәлем, Балауса! Жұлдыздың ертең жетісі. Енді ғана айтқанымыз үшін ренжімеші. Өз-өзімізге енді ғана келдік” - деп жазылған үш ақ ауыз сөйлем, денемнен шыға алмай тұрған қара терімді бұрқ еткізді. Не боп кетті деймін. Әлі де еш нені ұғына алар емеспін. Құлағым естімей, көзім қап-қара болып төсеке қисайдым да, әлде біреуден тығылғандай болып, қалың көрпемнің астына тығыла бердім, тығыла бердім….                                                                                                                                                                               

Қиғаш қас,ұзын бойлы,аққұба келген,күлсе қасындағыларды ғана емес,бар әлемді баурайтын шуақты, қиындық келсе қасымнан табылар қияметтік серігім Аллаға тез қайтты.                                              

Уақыт өтті. Екі жылды артқа тастасамда,  қиналғанда бір иығымнан көтерген, қуанғанда қуанышымды бөліскен, туған күнімде ең бірінші өзіңдей болып құттықтаған, сырымды қорықпай айтатын бір сырлас жан маған әлі күнге бұйырған жоқ. Бұйырсада дәл сендей болған жоқ. Қараңғы үйің жарық болсын,жердегі емес,аспандағы жарық жұлдызым.

Сені алған Қазан айы мен үшін азап айы….

 

Дос болмаса адамның ісі жетім,

Достық ашар шынайы кісі бетін.

Әр бір қыздың  арманы болмас еді,

Досы болса бар сырын түсінетін.

 

Кейбіреуді тағдыр өзі еркелеткен,

Ал біреудің ғұмырын келте еткен.

Естелікке бірер сөз досым жайлы,

Бізді тастап өмірден ерте кеткен.

 

Дос едің бала кезден бірге өскен,

Ауылда үй-қорамыз іргелескен.

Қызықты өзіңменен бірге өткізген,

Ұмытылмас балалық күндер естен.

 

Дос едің мәңгі есте сақтар атын,

Сеніммен құпия, сыр ақтаратын.

Сөзге берік аяулының бірі едің,

Осы менің досым деп, мақтанатын.

      Балауса ҚАСЫМХАН,

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті

журналистика мандығының 4-курс студенті

 

Көрнекі сурет: pixabay