БІЛІМ - ҚАСТЕРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 25.05.2024
Оқылды: 576
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Құрметті жетісулық ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар! 

Бүгін еліміз бойынша барлық мектепте «Соңғы қоңырау» салтанаты өтуде. Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен зор ілтипатпен  құттықтаймын!
«Білім сарқылмас қазына» дейді дана халқымыз. Жас құрақтай жайқалған бүлдіршін мектеп табылдырығын аттап, жыл санап есейіп, үлкен өмірге қадам басады. Сол жарқын өмірге жастық жалын, үлкен үміт арқалап аттанғанынша мәртебесі биік, қастерлі мектепте тәлім сіңіреді, білім алады. Алтын ұя мектептен азамат қалыптастыру баршамызға ортақ іс болғандықтан  күміс қоңыраудың күмбірін естіп, жылға есейген жас ұрпақпен бірге оқу жылын тамамдауды ортақ қуаныш санауға негіз бар. 

Білім мен біліктілік бәсекеге түскен бүгінгі жаһандану дәуірінде әр адам ел көшін алға жетелейтін маман болуы шарт. Осынау қағиданың қастерлі астарына үңілсек, білім – тұтас ұлттың, мемлекеттің ең негізгі саласы, келешегінің текті тегершігі екенін пайымдаймыз. Сондықтан  мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушыға лайықты білім, телегей тәрбие беру ұлағат иелерінің, сіз бен біздің қастерлі борышымыз. Ұстаз, ата-ана, оқушы үштағаны арқылы ұшталар білім саласының бір жылы тарих қойнауына кеткелі тұр. Алған асу, жеткен жетістік көп. Тындырымды іс пен межелі міндет те елге айшықты. Биыл Жетісу облысы бойынша бірқатар жаңа білім нысандары пайдалануға беріліп, аймақтағы барлық мектептің бастауыш сыныптары ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Жоспарлы дүниелердің бәрі толыққанды орындалды. 2023-2024 оқу жылында мектеп оқушылары облыстық, республикалық, халық- аралық пән олимпиадалары мен шығармашылық байқауларда жүлде салды. Республикалық олимпиадаларда Жетісу облысының оқушыларынан жасақталған команда бірнеше мәрте жүлдегер қатарынан көрінді. 

Бүгін облысымыздағы жалпыға білім беретін орта мектепті 130 мыңнан астам бала аяқтап отыр. Оның ішінде мектеп бітіруші түлектердің (11, 9- сынып) жалпы саны 18 мыңнан асады. 

Ардақты ұлағат иелері мен ата-аналар! Баланың болашағы, келешектегі атқарар ісі, ел алдындағы адал міндеті мектеп қабырғасында берілген білім мен тәрбиенің негізінде қалыптасады. Әр баланың білім көкжиегін кеңейтіп, оған заманға сай тыныс қосу баршамызға артылған жүк, абыройлы міндет. Ендеше, оқушылардың бір жылды нәтижелі тамамдауымен баршаңызды құттықтаймын!

Үлкен өмірге алтын ұя мектептен арман арқалап бара жатқан түлектерімізге сәт сапар тілеймін. Жетісу жерінің абыройын аспандатып, ел үшін қызмет етер маман атануына, өздері армандаған жоғары оқу орындарына түсуіне, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинауына тілекшімін! 

Марат СҮЛЕЙМЕНОВ 
Жетісу облыстық білім басқармасының басшысы