АҚЫН ТОЙЫ ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 27.05.2024
Оқылды: 492
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талдықорғандағы №15 орта мектепте Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Онда ақынның сан қырлы азамат болғаны жөнінде ой ақтарылып, оқушылар әр бағытта өнерін ортаға салды. Шараға әр салада белді қызмет етіп жүрген тұлғалар мен қала мектептерінің оқушылары қатысты.


№15 орта мектептің  2-сынып оқушылары салтанатты жиын шымылдығын жырмен түрді. Құлагер ақынның отты шумақтарын жиылған көпшілікке оқып беріп, өрлік, мейірімділік, парасат қалыбындағы күй кештірді.

Кеш тізгінін ұстаған жүргізушілер ақынның «қазақ поэзиясының Құлагері» деп мойындалғанын, Ілиястың тамаша прозаик, драматург, сатирик, қоғам қайраткері, өнертанушы болғанынан ақпар берді.

Мерейтой аясында жыр Құлагерінің құрметіне арналған волейболдан ашық турнир ұйымдастырылды. Оған Көксу ауданынан Қадырғали Жалаири, Ақсу ауданынан Есмұрат Сиқымов, Талдықорғаннан Мағжан Жұмабаев пен Есжан Берліқожа және №15, №26 білім ошақтарының оқушылары қатысты.

Шара шеңберінде «Облыс әкімі аппаратының  шаруашылық басқармасы» КММ басшысы Дәурен Талипов, І. Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева, қалалық білім бөлімінің бас маманы Әсем Асқарқызы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің доценті Мұратхан Абдильдаев сөз сөйлеп, ақын жайлы әңгіме өрбітті.

«Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Төлеутай Дәрібайұлы кештің сәнін әнмен кіргізді. «Үш арыс», «Шилі өзен» әндерін шырқап, ой сала отырып  көңіл серпілтті. Ал облыстық филармония өнерпаздары би билеп, шараның шырайын кіргізді.

Аталған мектептің 3-сынып оқушылары Ілияс ақынның өлеңдерінің мазмұны бойынша сурет салып бақ сынасты. Мұнда «Г» сыныбының оқушысы Ислам Төлеген 3-орынды еншілесе, «А» сыныбының жеткіншегі Гүлім Арманқызы 2-орыннан көрінді. «Д» сыныптан Әмина Қанағатова 1-орынды жеңіп алды. Бас жүлдені «А» сыныбынан Ерасыл Долда иемденді.

Жиында мектеп қонақтарына І. Жансүгіровтің оқыған Мамания мектебінің макеті мен «Қолбала» поэмасының хикаясы негізінде ұйымдастырылған көрме таныстырылды. Шара әрмен қарай  Мұратбек Иманғазиновтың  «Ілияс»  драмасы қойылымымен жалғасты.

Волейбол жарысының қорытындысы бойынша 3-орын Көксу ауданынан келген  Қадырғали Жалаири атындағы орта мектептің оқушыларына бұйырды. 2-орынды  №15 орта мектептің командасы еншіледі. Жеңіс тұғырынан Ақсу ауданынан келген Есмұрат Сиқымов атындағы орта мектептің командасы көрінді. Жүлдегерлерге медаль, кубок және ақшалай сыйлық табысталды.

Ясин ОРАЛБЕК