БІЛІМІН АРТТЫРДЫ

Уақыты: 06.06.2024
Оқылды: 381
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазіргі кезеңнің адамдары өз өмірінің басым бөлігін жұмысқа, еңбекке арнайды. Осы тұста еңбекті қорғаудың маңыздылығы артып отыр. Сонымен қатар, халықтың құқықтық санасын дамыту тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемі болады. 


Жастарға қолдау көрсету орталығында «KELESHEK» жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің бастауыш кәсіподақ мүшелері үшін «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» тақырыбында семинар өтті. Жалпы басқосудың мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің еңбек құқығы бойынша сауаттылығын арттыру. «Жан-Әділет-Бер» ЖШС оқу орталығының директоры, спикер Жанна Найманбаева еңбек қатынастары, ұжымдық шарттың қажеттілігі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру жайында қатысушыларға кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес құқықтық міндеттерін талап ете алатынын нақты дәлел келтіре отырып, егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. 

Семинар ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Кәсіподақ жетекшілерінің толғандырған сауалдарына нақты жауаптар беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.