ТІЛ БІЛГЕННІҢ ТОЛҒАМЫ КЕҢ

Уақыты: 06.06.2024
Оқылды: 470
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ағылшын тілі сабағында жаңа технологиялардың көмегімен түрлі дидактикалық тапсырманы орындауға, оқу дағдыларын қалыптастыруға, заманауи оқыту құралдарының  көмегімен білім алушылардың сөздік қорын кеңейтуге болады. Оған қоса, ағылшын тілін оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін Insert learning, Quizlet, Flippity, Worldwall, LearningApps интернет платформаларында, Stormboard, Conseptboard, Whiteboard.chat сияқты тақталарда білім алушылар тапсырманы қызығушылықпен орындайды. 


Мәселен, Worldwall – заманауи интернет сервисі. Бұл сабақты қорытындылау бөлімінде білім алушылардың жұмысын бағалауда, сұрақ-жауап әдісінде, сауалнама нәтижелерін экран арқылы көруге мүмкіндік беретін қосымша. Мен бұл қосымшаны көбінесе сабақтың көрнекілігі ретінде әрі түрлі интерактивті тапсырмалар құруда пайдаланамын. Ал, LearningApps платформасын білімді тиянақтау, топтық және жұптық, жаңа материалды игерту, үй жұмысын тексеру кезеңдерінде қолданып, мәтіндік ғана емес, графикалық, аудио, видео ақпараттармен де жұмыс істеуге болады. 

Жоғарыда аталған цифрлы технологияларды ағылшын тілі пәнін оқытуда қолдану білім алушылар үшін де, оқытушыларға да жаңа мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Сабақта тиімді қолданылатын жаңа технологиялардың ішінде «Банкомат» әдісіне тоқталғым келеді. Сабақтың кез келген кезеңінде қолдануға, білім алушылардың жұмысын бағалауға, сұрақ-жауап әдісінде нәтижелерін экранда көруде мүмкіндік беретін қосымша. Мысалы, белгілі бір тақырыпқа байланысты сұрақтар дайындап, банкоматқа енгіземін. Білім алушы кез келген сұрақты  таңдап, өз жауабын айтады. Жауаптың дұрыс-бұрыстығын тексеру тетікшесін басу арқылы білім алушы жауабының оң-теріс екенін экраннан көре алады. Әр дұрыс жауапқа банкоматтан 1000 теңге шығарылады. Жиналған  теңгелер бағалау кезінде  көмектеседі.

Міне, осындай инновациялық технологияларды сабақта қолдану – заман талабы. Оқытуға жаңашыл көзқарасты қолдану, тәжірибеге бағытталған оқытудың үлкен жетістігі саналады. Сондықтан заман туындатқан жаңашылдыққа әркез дайын болуымыз, оқушылардың таным көкжиегін, білімін жаңашылдықпен кеңейтуге күш салуымыз қажет-ақ.

А. СМАГУЛОВА,
Талдықорған индустриялық колледжінің ағылшын тілі 
пәнінің оқытушысы