ДӘУІР КӨШІНДЕГІ ДӘСТҮР. "ҚҰМАРШЫҚ" ДЕГЕН НЕ?

Уақыты: 06.06.2024
Оқылды: 603
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дәстүрімізді дәріптеп, ұлтымызға қатысты кейбір құндылықты оқырман санасында қайта жаңғырту мақсатында былтыр қолға алған бұл жобамыз бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Біршама дүниені атап, қазақ тілінің кемелдігін, салт-дәстүрінің тереңдігін айғақтайтын деректерді тізбелеп отырдық. Осы тұста жобамызды Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» және «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты 4 томдық кітабы негізінде ашқанымызды, оқулық тұтас елге тарала қоймайтын болған соң ғана туынды ішіндегі керек деген дүниені кертіп алып газет оқырманына жүйелеп ұсынатынымызды да айшықтағанбыз. 


Бұл жолы 4 томдық кітаптың екінші томына енді ғана жеткенімізді ескерте кеткіміз келеді. Бұған дейін жазылған 20 циклді дүние Жағда Бабалықұлымен болған сұхбат негізінде құрастырылған «Этнографпен әңгіме» кітабы және «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығының бірінші жинағын тілшелегенде туындаған жазбалар еді. 

Рас, қазақтың бай тарихы, құндылығы кемел дүниесі тұрғысында ой толғасаң рухани кемелденіп қалғандай, көзің ашылғандай, кешегілердің кескін-келбеті көзге елестегендей, тіпті, байырғы бабалар тірлігімен күн кеше бастағандай бір рахат күйде болады екенсің. Осы орайда кейбір талас тудыратын дүние, сөз, атау, есім-сой, жер атауларын да айшықтағанымызды қайталай еске салып, енді «Көшпенді» сөзіне жаны қарсы (жаны қас) тарихшы, ғалымның пікірін ұсынғымыз келеді. Оның алдында қасиетті Нарынқұм аймағында өсетін «Құмаршық» өсімдігі туралы аз-кем ақпар беріп өйтейік.

«Құмаршық» негізінен құмды жерде өсетін өсімдік атауы. Бұл қазақ сахарасының бұйрат құммен көмкерілген әр өңірінде бар не жоқ деп толық кесіп айта алмаймыз. Алайда, «Көшпенді» сөзін жаратпайтын тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан және Қарақалпақстан Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Уахит Хамзаұлының (Шәлекенов) сөзінше, «Құмаршық» Нарынқұмның ішінде шөлейттік құнары шамалы топырақта өседі екен. Ал «бұл не, қандай өсімдік, нендей пайдасы бар?» деген сауалдарға этнографтың сөзімен жауап берген жөн.

«Құмаршық деген тамырын бес метрге дейін тереңге жіберіп құм үстінде өсетін көпжылдық өсімдік. Ол тамыры арқылы тереңнен нәр алады. Құмаршықты тікенекті болған соң мал жемейді. Оны қазан-қараша айларында дәні піскен кезде қап-қабымен жинап аламыз», – дейді этнограф, тарихшы. Осынау толғамының аяғында құмаршықтың дәні адамға ас бола алатын өсімдік екенін атап өткен. Ашаршылық жылдарында құм жайлаған қазақ осынау өскінмен өмір жалғаған екен. Мұның сүт сияқты дәмі бар, тіл үйіретін көрінеді. Алайда мұны қауызынан алған дәнге ұқсата алмайсыз. Тікені қаптаған сабағынан ажырату үшін біршама мехнатты шаруаның басын қайыру керек болады.

Қазақияның бір бөлшегі саналған Нарынқұм атырабында өсетін бір өскінді жетісулық оқырмандар да біле жүрсін деген оймен атап өттік. Негізінде, қазіргі таңда шөптің, өсімдік пен жәндіктің атауын білмейтін, түстеп танымайтын буын пайда болды. Олар бір ғана «Ей, Нарын құм, құм Нарын» деген өлеңінде Фариза Оңғарсынова: 
Ей, құм Нарын, құндағым, 
сайғақ сыңсып сары құмда, 
жылқы жусап шалғында, 
сағым ойнап қырларым... 
Изенің мен жусаның, 
мортығың мен қияғың, 
майқаңбағың тушаның 
Майландырған құрсағын,
Жүре алмаушы еді мал мұнда, – деп жыраулар сарынымен жыр түлеткенін, мұндағы «изен», «жусан», «қияқ», «мортық» пен «майқаңбақ» сынды өсімдіктің бірін білсе, бірін білмейтінін ескерткің келеді. Ендеше, құмаршықты біле жүру де олжа деп санаймыз.

Хош, аталған өсімдік ашаршылық заманында қазақтың табасында қуырылып, шырынында шайқалғанын атап өттік. Бұл тұрғыда тарихшы: «Тамыз айларында құмаршық піседі. Піскенде қолыңмен оны ұстай алмайсың, тікені қолға кіріп кетеді. Сондықтан жұмсақ, инесі қолға кірмейтін шық уағында шауып, соны бір жерге жинайсың», – дей келе жиналған құмаршықты айырмен шөмелеп, екі-үш күндей кептіріп барып, қуарған сабағынан тоқпақтап (сабап) ажыратынын айтады. Алашаға оралған құмаршықтың дәні төгіліп түседі екен.

Осылайша дайын болған құмаршық құм жайлаған талай қазақтың өзегін жалғапты. Ол жайлы Уахит Хамзаұлы: «Кішкентай кезімде әкем құмаршықтың дәнін жинауға мені ерте барғанын қалайша ұмытайын. Арып-ашқан қиын кезеңде біздің аман қалуымызға осынау өскіннің бір септігі тиген болар деп болжаймын. Құмаршықты қыста шырын қылып ішеміз. Одан түрлі тамақ жасайды. Нанды да, көжені де, талқанды да істеуге жарайды. Тіпті дәнегін сол күйінде де жей береді», – деп толғанады. 

Қарап отырсақ, құмаршық бидай секілді нан өнімін алмастыра алатын, көжеге қосуға болатын қасиеті бар өсімдік екенін байқаймыз. Дарқан дала төсінде әр өскіннің пайдалы жағын жіті біліп, нақты танып, оны өміріне пайдаланған, талғажау еткен қазақтан дана халық жоғын да мақұлдағың, айшықтап айтқың келеді екен. Сонау Нарынқұмның түнде суық, күндіз аптап болар құмында құлпыра өскен, «Қатыгез құмға біткен қарағаштай» деп Мұқағали Мақатаев жырлаған табиғаттың қаталдығына шыдас берген, тамырын тереңге жіберген құмаршықты көзбен көргің де келеді-ақ. Ал бұл өсімдіктен тек қана нан, көже, талқан жасап қана қоймай, дәрі есебінде де қолданатынын тарихшы атап өткенін еске салсақ, құм өскінінің қадірі арта түспек. 

«Құмаршықтан дәрі де алынады. Оның сөлі сүттей жұғымды, дәмі таңдайымда қалды. Әсіресе, жаңа туған сәбиге дәнін қайнатып, шырынын ішкізетін еді», – дейді кейіпкеріміз. Осыдан-ақ қазақтың қасиетті сахарасына, мақпал даласына біткен әр өскіннің адам өміріне қажеттілігі барын, мейлінше табиғат сырына қанықсақ әлі де  құмаршықтай қадір-қасиеті ашылмай жатқан дүниелер барын пайымдауға болады. 

Нарынқұмда тамырын тереңге салған құмаршықты бүгінгі сол елдегі жас буын тұрмақ ағалық жасқа жеткен жергілікті жұртшылық та елеп-ескермейтін, қандай дақыл екеніне сәп салмайтын болғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, Уахит Хамзаұлының «Көшпенді» сөзі туралы толғамын, «Қазақ көшпенді халық» деген сөзді не үшін жаратпайтынын келесі толғамда айтатын боламыз. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ