Сыйластық – бақыт кілті

Уақыты: 08.06.2024
Оқылды: 385
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп қазақтың ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлығы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері атанған кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – 30 жылдан астам уақыт мұғалім болған отбасылы Ержан Жұмайбеков пен Ақмарал Морымбаева. 

Ұзақ жыл ұстаздықтың  жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған қос мұғалімді бүгінде шәкірттері ерекше ілтипатпен құрметтейді. Ержан Қабланбекұлы жоғары политехникалық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, Ақмарал Несіпбайқызы Ж. Үшкемпіров атындағы облыстық спорт мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Ұлағатты ұстаздар ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буынға саналы тәрбие мен сапалы білім беруге арнаған. Өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялап жүрген мәртебелі мамандық иелерінің еңбек жолы баршаға үлгі-өнеге. 

Ержан Қабланбекұлы Ақсу ауданының тумасы. Жастайынан спортқа құштар болған. Дене тәрбиесінің оқытушысы болуына ұстазы Төкен Тілеубай- ұлы ықпал еткен. Бала кезде сол кісіге қарап, сондай спортшы болсам деген арманмен осы саланы таңдапты. Ұлағат иесінің арманы алдамағанын өмірдегі өз орнын тапқанынан байқауға болады.

Арманы асқақ жас жігіт мектеп бітірісімен Алматыдағы Спорт және туризм академиясына «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуда озат, белсенді студент академия қабырғасында жүріп, Талдықорғандағы педагогикалық институтта қарындасы Жазирамен бірге оқитын жаркенттік ару Ақмарал Морымбаевамен сөз жарастырады. Қос ғашық 1991 жылы отау құрады. Шаңырағы шаттыққа толы отбасынан қонақ үзілмейді. 

Ақмарал Морымбаева Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылында дүниеге келген. Анасы тарих пәнінен сабақ берген, бүгінде зейнеткер. Мектеп бітірісімен 1987 жылы Талдықорған қаласындағы пединститутқа оқуға түсіп, 1993 жылы тамамдады.

Білімді де білікті жас мамандар қолға диплом алған соң жолдамамен қаладағы №19 кәсіптік колледжге жұмысқа орналасады. «Жас келсе – іске» дегендей, аз ғана уақытта жас мамандар аталған мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. Жылдар өте екеуі де білікті ұстазға айналды.

Ақмарал Несіпбайқызы шәкірттерінің оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор ұстаз. Ол талай балғынды математика әлемімен танысуға, есеп шығаруға машықтады. Білім қуған жастарға жол ашты. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қаншама дарынды жастың өмір айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін аяған емес. Қос ұстаздан тәлім алған оқушылары бүгінде еліміздің әр саласында жемісті еңбек ететін білікті маман.

Отбасының отанасы Ақмарал Морымбаева осы уақытқа дейін өз қызметімен қоса түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Қала әкімінің Алғыс хаты мен Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының  Алғыс хаты, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталған. Ал жолдасы Ержан Қабланбекұлы 33 жыл ұстаздық қызмет барысында қалалық, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, облыстық білім басқармасының марапаттары мен Алғыс хаттарына ие болды. Шәкірттері де қалалық, облыстық байқауларда топ жарып, жүлделі орындарды еншілеп жүр. 

Көпке өнеге болған отбасының ұстанатын берік ұстанымы да жоқ емес. Олар үшін адалдық бәрінен жоғары. Кішіпейіл, еңбекқор жандар қазақтың «Ұят болады. Обал болады» деген бір-ақ ауыз сөзімен ұрпағын тәрбиелеуде. 30 жылға жуық ұстаздық ұлы жолды абыроймен алып жүрген қос тұлғаның әулеті қазақтың ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұмытпай, оны өскелең ұрпаққа дәріптеп, насихаттаудан шаршаған емес. Бірлігі жарасқан әулет жыл сайын Ұстаздар  күнін, 8 наурыз – Халықаралық арулар мен 7 мамыр – Отан қорғаушылар мейрамын ерекше атап өтеді. 

Отбасылық құндылықты құлдыратпай, қазақы тәрбиенің қаймағын бұзбай ұстанған отбасы ұлықты ұлды, қылықты қызды тәрбиелеген ата мен әже. 

Бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ қалыптастыру жолында аянбай тер төккен Жұмайбековтер отбасы шәкірттің ғана емес, қоғамның ұстазы бола білген жандар. Олар өз істеріне аса жауапкершілікпен қарап, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген кең жүректі, білікті мамандар. Оларға деген құрмет Алатаудан биік, мұхиттан терең. 

Айғаным АЙТМҰХАН