ЖАҢА ЖӘДІГЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 11.06.2024
Оқылды: 499
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тәуелсіз ел болғалы бабаларымыздың ұлылығы мен қалыптастырған құндылығын түгендеуге ел азаматтары ерекше үлес қосуда. Атқарылған жұмыс та көп, ал алдағы уақытта қолға алынатын жобалар да аз емес. Оған қалпына келтірілген Тезек төре Нұралыұлы мен Құдиярхан Тезекұлы Абылайхановтың мөрлерін Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне салтанатты түрде тапсыру рәсімінде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Шараға мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, облыстық және аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Тезек төре» қорының өкілдері, ақын-жазушылар, өлкетанушылар, тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты. 


Естеріңізде болса, 2023 жылғы 26 қазанда Мемлекет басшысы ағартушы-ғалым, көрнекті этнограф Шоқан Уәлихановтың бейітіне зиярат етіп, Шанханай ауылындағы «Алтынемел» мемориалдық музейін аралап көрген еді. Сол жолы ел Президенті Ш. Уәлиханов туралы жазылған еңбектерді толық оқып шыққанын атап өтіп, зерттеу жұмыстарымен таныс екенін айтты. Сонымен қатар, «Музейдегі жәдігерлерді әлі де толықтыра түсу керек» деген. Осы шара Мемлекет басшысының сол тапсырмасын орындау аясында атқарылды.

– Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын орындау мақсатында белгілі ақын, публицист, шоқантанушы Азамат Ақылбеков ҚР Орталық мемлекеттік архиві қызметкерлерінің көмегіне сүйенді. Оның сұранысы бойынша профессор Рашид Оразов аталмыш архив қорынан Тезек төре мен Құдиярхан Тезекұлы Абылайхановтың жеке мөрлері басылған құжаттарды тауып берді. Осы құжаттар арқылы екі мөрді де көлемдерін сақтай отырып, дәлме-дәл түрде қайта қалпына келтіру жұмысы атқарылды және мөрлердің сәйкестігі жөнінде ғылыми анықтама әзірленді, – дейді Бағдат Ақылбеков.

Жалпы мөрді ел билеушілері жеке бастарын анықтауға қолданған. Сұқ немесе бас бармаққа тағылатын жүзік түрінде келеді. Саусаққа тағатын дөңгелекті «жүзік» деп, жазуы, әшекейі бар тұсты «беті» деп атаған. Тезек төренің 1860 жылғы құжаттағы мөр ізі, саяси қуғын-сүргін құрбаны Құдиярхан Тезекұлының 1913 жылғы сайлау тізіміндегі мөр іздері Абылай хан әулетінен екенін көрсетіп тұр. 

– Тезек төре мен Құдиярхан Тезекұлы мөрлерінің жан-жағы қазақы оюмен, ру таңбаларымен өрнектелген. Бетіндегі жазу айналасы сызықпен қоршалып, ол жерге түрлі белгі, өрнек салынған. Тезек төреге тән мөрдің көлемі 30*17 мм, Құдиярханның мөрі 20*17 мм шамасында. Тезек төре мөрінің жүзігі қомақты, тұтас соғылып, бетіне күрделі түрлі әшекей салына отырып жасаған. Мөрдің бетіне арабша әріптермен «Сұлтан Тезек ибн сұлтан Нұралы», ал Құдиярханның мөрінде «Сұлтан Худаярхан ибн Тезек хан» деген жазу жазылған. Бар болғаны 2-3 см жерге соншама жазуды сыйдырып ойған қазақ зергерлерінің шеберлігіне еріксіз тәнті боласың. Оның үстіне, мөр бетіндегі жазу айнадағы кері бейне сияқты жазылғанда, қағазға басқанда оңымен түседі, – дейді зерттеуші Азамат Ақылбеков. 

Аталған шара аясында екі мөр тұрақты жәдігер ретінде Ш. Уәлихановтың «Алтынемел» музейіне салтанатты түрде тапсырылып, Тезек төре Нұралыұлына ашылған арнайы бұрышқа қойылды. Осы бір тарихи сәтке Алматыдан арнайы келіп қатысқан қазақтың бас биі Ермек Албан, елімізге танымал ақын Әли Ысқабай, сазгер Мұратхан Егінбаев, «Тезек төре» қорының төрағасы, Кербұлақ аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жанат Бураханов, Жетісу төрелерінің көшбасшысы Әбілқайыр Бексұлтанов, қорғаныс істері жөніндегі басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар, әскери қызметті насихаттау жөніндегі инспекторы, тарихшы, өлкетанушы Есет Дәуренбаев сияқты азаматтар аталы сөз айтып, ақ тілектерін білдірді. 

Сонымен қатар, бұл мөрлердің көшірмесі Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев атындағы музейге және Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл өлкетану музейіне де сыйлық ретінде тапсырылмақ. Айта кетерлігі, келесі 2025 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толатынын және бұл меженің халықаралық деңгейде атап өтілетінін ескерсек, Мемлекет басшысының Шоқан музейін күрделі жөндеуден өткізу туралы шешімді тереңнен ойластырып қабылдағанын түсінуге болады. Демек, алдағы уақытта Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне келуші туристердің саны да арта түсетіні анық. 

Бұл ізгі іс-шараға атсалысқан қауым алдымен Тезек төре жерленген Қарлығаш ауылының іргесіндегі «Тезек төре қорымына», одан кейін «Көшен тоған» атты жерде орналасқан Шоқан Уәлихановтың зиратына арнайы барып, Құран бағыштап, перзенттік ілтипатын білдірді. «Тезек төре» қорымы басында ҚР Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Шыңғысхан» академиясының академигі, Тезек төре және шоқантанушы Бағдат Ақылбеков көпшілікке қорымның тарихы жайлы баяндап берді. Бұл қорымда 1816 жылдары қайтыс болған Тезек төренің әкесі сұлтан Нұралы Абылайханов, 1860 жылдары қатерлі індеттен қайтыс болған шешесі, екі баласы және басқа да туған-туыстары жерленгені жайлы тоқталып өтті. Сонымен қатар, Тезек төре көзі тірісінде, кейін өзі қайтыс болғанда жерлеу үшін, осы қорым аумағында өзіне арнап сән-салтанаты жарасқан күмбез салдырғаны, қорым аумағын биік дуалмен қоршатып қойғаны туралы мәлімет ел құлағын елең еткізді. 1879 жылы Тезек төре қайтыс болады да, өзіне тұрғызған осы күмбезге жерленеді. Уақыт өте келе бұл маңайға Ресейден арнайы жер аударылған, қазақтар «переселен» деп атаған орыс мұжықтары келіп, қоныстана бастайды. Олар алдымен қорымның қоршауын бұзып, қыш кірпіштерінен өздеріне үй салып алады. Келесі жылы күмбезді де қиратып, кірпіштерін жаңа үйлер салу үшін пайдаланады. Бұл тарихи мәлімет көпшіліктің көңілін бей-жай қалдырмады.

Қазіргі уақытта әр ру өздерінің белгілі тұлғаларына арналған еңселі ескерткіштер мен кесенелер тұрғызғаны белгілі. Ал Жетісу жерін, бес болыс елін 30 жылдан астам басқарған, жан-тәнімен қорғап өткен, өнер адамдарына қамқор болған, батыр, ақын, мемлекеттік қайраткер, Шоқан Уәлихановтың қолдаушысы, аға сұлтан Тезек төре Абылайхановтың зираты үйіндіге айналып, аянышты жағдайда жатыр. Осыған байланысты «Алаш арландары» қоғамдық ұйымының төрағасы, қазақтың бас биі Ермек Албан Ұлы хандарымыздың жалғасы бола білген, Ресей, Қытай, Қоқан, Қырғыз мойындаған Тезек төренің күмбезі қайта қалпына келтірілмей осы уақытқа дейін үйінді болып жатқаны Жетісу жұртшылығына, барша қазақ халқына үлкен сын дей келе өз атынан бұл істі қолға алатынын, қиратылған күмбезді қайта көтеретінін айтып, сөз берді. 

Жалпы Тезек төре мен Шоқан Уәлиханов бір-бірінен бөле қарауға келмейтін қос тұлға. Олардың туыстық қарым-қатынастары, бір-біріне деген ыстық ілтипаттары туралы ел ішінде аңыз-әңгімелер көптеп айтылған. Бүгінде Шоқан Уәлихановтың асқақ ескерткіші көкке бой созып, сән-салтанатымен жарасым тауып тұр, ал Тезек төре күмбезі, өкінішке қарай, отарлаушылардың кесірінен бүлініп, үйінді топыраққа айналған.

Кейінгі жылдары ұрпақтары белгітас қойғанымен кезіндегі сәулетті кесенені қайта қалпына келтіру ісі қаржылық қиындықтан жүзеге аспай келеді. «Енді Тезек төре кесенесі қайта қалпына келтірілсе нұр үстіне нұр болар еді» деген ел-жұрттың тілегі көп. 

Қажет АНДАС