САҢЛАҚТАР САРАЛАНДЫ

Уақыты: 14.06.2024
Оқылды: 467
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ауыл, ауданда жүрген өнер саңлақтарын тауып, олардың өмірі мен күнделікті тірлігін телеарна арқылы насихаттаған да жөн. Осы орайда ширек ғасыр шежіре түзген «Жетісу» телеарнасында жыл бойы жалғасын тапқан «Ел іші – өнер кеніші» жобасы талай талант иесін даралап көрсете білді. Олардың күнделікті өмірінен тартып ел үшін не ойлап, не толғанатынына дейінгі парасат-пайымын да айшықты аңғартқандай еді.


Мәнсіз-мағынасыз, рейтинг үшін ғана экран бетіне шыққан жобалар секілді емес, қазақ руханиятының мөлдір бұлағы секілді ауылды жерлерде жан әлемінен тамшыдай дүние үзіп өнерге үлес қосқысы келіп жүрген адамдарды тауып, оларды елге таныстырған аталмыш бағдарлама 1 жыл ішінде 30-ға жуық кейіпкерінің әдеби портретін сомдады. 

Аталмыш бағдарламаның қорытынды шарасы Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық Мәдениет үйінде өтті. Рухани додаға телеарна ұжымы  арнайы  мамандармен кеңесе отырып  іріктеп   алған 18 кейіпкер қатысып, ақындық, әншілік және суретшілік бағыты бойынша бақ сынасты.

Қарапайым ауыл, ауданда күн кешіп жатыр демесе, өнерге мөлдір олжа салып жатқан талант иелерінің жазған өлеңі жайнақ, салған суреті көркем әрі мазмұнды екенін аңдадық. Ал сазға ғашық жандардың шырқаған әні өн бойыңды шымырлатып жіберетіні бар. Осындай өнер оғландарының қабілет-қарымын, еңбегі мен талантын «Jetіsý» газетінің бас редакторы, ақын Жұматай Оспанұлы, ҚР Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының директоры Жангелді Немеребай, «Жетісу» телеарнасы арнайы жобалар продюсері Мәулен Несіпберген, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжі дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы Төлеутай Серіков, ҚР Көркем академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Айдар Асқаров, суретші, дизайнер Еркеғали Иманғали саралап, қазылық етті.


Айта кетерлігі, әріптесіміз Мәулен Несіпбергеннің продюсерлігімен жүзеге асқан жоба өз деңгейінде көрерменін қуантты. Саңлақтар сараланды, таланттар дараланды. Осынау жобаның қорытындысы бойынша өткен байқауда ақындығымен  алакөлдік Қадырсұлтан Нүсіпхан І орын иегері атанса, күреңбелдің Бақыт Қалибек ІІ орын, ескелділік  Жәнібек Емберген ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ал, әнші аталымында талдықорғандық Ерасыл Жанғазы І, қапалдық Семсер Исатайұлы ІІ, көксулық Фатих Ақын ІІІ тұғырдан көрінді. Сурет аталымында Қастер Болат дараланды.

Жоба жеңімпаздары ақшалай сыйлық пен Грамоталарға ие болды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ