ІЗГІЛІК ІЗІН САЙРАТҚАН

Уақыты: 30.06.2024
Оқылды: 291
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ғұмырын ізгілікпен өрген кей адамның басқан ізінен парасаттылық пен дегдарлық көрініс беріп тұратындай көрінетіні бар. Қарапайым ғана тірлік кеше жүріп елінің асқақ мұратын жүрегіне қондырған, жұртының ертеңіне парасатпен сәп салатын, кешегісін көңіл сүзгісінен өткізе алатын ондай жандар асып-тасуды, шалқуды, біреудің өзінен төмен тұрғанын айшықтауды жаратпай, қазақ айтқан «бетегеден биік, жусаннан аласа», яки, кішілік пен кісілік арасында ғана бой түзеуді бәрінен биік көреді. Жамалына жаз қонғандай жылы жүзінен шуақ сеуіп жүретін, інілеріне, тіпті жас құрақтай журналистика топырағында жаңа тебіндеп келе жатқан бізге де кішіпейілдікпен әсерлі әңгіме толғайтын Кенжехан Рақыш деген қарт журналист, сырбаз ақын бар. Сол кісіні көргенде исі қазақтың қайыр мен мейірінің тереңдігін, кісілігінің кемелдігін сезінгендей болатынымыз жасырын емес.


Шашы мен қасына дейін күміс шалған Кенжехан аға Рақыш қашан көрсем: «Мен туралы жазбайсың, ә? Қалғанын түгендеп шықтың ғой», – деп немересін тезге салған текті қарттай қамау терімді шығаратын. Ондайда: «Ғасыр жасыңызда толғам мен тебіреністі бір-ақ матап, мақпалдай жұмсақ естелік жазайыншы» деп еркелей кететінмін. Ол лепес – ата алдындағы немерелік ақталу, сырғақтай жауап қату емес, риясыз көңілден шыққан дүние еді. Десе де, кейде жазарман қауымның қолы жүрмей, кейіпкері туралы толғану тұрғысында кібіртіктеп қалатын кезі болады. Кенжехан ақын турасында да сондай сезімге жиі түсетінбіз. 

Шындығында, өзім ұнатқан, жырын сүйген, толғамына тәнті болған қазақтың біршама ақын-жазушылары туралы мақала жазыппын. Кенжехан ата Рақыштың: «Қалғанын түгендеп шықтың ғой» деуіне айғақ болатын жетісулық Әли Ысқабай, Жанат Дүкенбай, Болат Дәкер, Әбен Дәуренбек, Сәкен Иманасов, Ордаш Кендірбаев, Қайрат Әлімбек, Мұратхан Егінбаев секілді тізбелей берсе есім-сойының өзі 2-3 бетке баратын жайсаңдарды да қаламмен насихаттаппыз. Қазақ классиктерінен тартып жетісулық жайсаңдарға ұласатын, бас-аяғы 4 томға жетіп қалған сол жазбалар арасында 2-3 рет талдау жасаған кейіпкерлер де бар. Бірақ, мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев туралы тілдей ғана тебіреніске барыппыз. Кең көсіле алмауымыздың себебін де білмейміз, әйтеуір, жыр құдіреті туралы толғанғың келген сайын асқақ жаратылысты айшықтауға дәрмен жетпейтіндей, қалам сиясы сұйық тартатындай беймәлім сезімге салына беретінбіз. Сол секілді сексеннің үшеуіне келсе де жан тазалығын сақтап, ақсақалдық ақылын дариядай ағызған, киімінің қырын да сындырмай сырбаздықпен із тастап, сыршылдықпен жыр жазып жүрген Кенжехан Рақыш туралы да енді ғана жалқы толғамға барып отырмыз.

«Жөргегінде жұлқынып, бесігінде бұлқынбаса, ақын мінезі таныла қоймасы белгілі. Кәсіби мамандығы журналист Кенжехан Рақыштың бұла жырлары осындай ойға жетелеп, әсемдігімен әрі нәзіктігімен өз оқырманын баурап алары сөзсіз. Оның мына жинағы бүгінгі поэзиямыз, яғни, осы заманғы қазақ поэзиясының көтерілген биік деңгейіне лайық нышанын танытады. «Жұп-жұмыр тегіс келсін айналасы», – дегенде ұлы Абай өлеңінің техникалық орындалуының мінсіз болуы, саналы да салиқалы ойлы болуы қажеттігін меңзесе, Кенжехандай ақынға бұл тарапта таға қояр мін аз», – деп толғаныпты осыдан тура 22 жыл бұрын шыққан «Байыптау» кітабында ақынның қаламдас досы, ақын-жазушы Болат Дәкер. 

Расында замандасы дәп басып тебіренгендей Кенжехан Мұстағалиұлының әр жыры қарапайымдылығымен, жан сезімімен суарылған өскіндей өміршеңдігімен, толғамы «жүректен жүрекке жетер» сыршылдығымен ерекшеленетіндей. Іркес-тіркес толғамға бармай, шамырқанып, шанданып толғар мінезді көзқарасқа құрылмай, дүниені кең ойлап, өмірді кең пішетін парасатты пайымға негізделіп-ақ тұр. Мәселен, ақынның «Байыптау» кітабындағы «Өкініш» атты жырды оқып көрелік:
Бала кезде жас жанымды,
Жалынға орап кетіп ең.
Арылмайтын от-жалынды,
Назыңды арқау етіп ем.

Ал кездестік бүгін қалай?
Жетегіңде бөпешің.
Берген өмір саған талай,
Сыбағасын, есесін.

Жаның шошып, жатырқадың,
Кездескенде кенеттен.
Асып-сасып, таңырқадың,
Қысылғандай бөбектен...
Осынау жырды оқып отырып қандай күй кештіңіз, нені сезіндіңіз, нені парықтай алдыңыз? Қарапайым ғана өрілген, жат құшақтан жарасым тауып, бақытын басқадан алған, содан ұрпақ өрбіткен ғашығын көргендегі ақынның аңсар сезімінен тамған сағыныш ғазалы деп ойлайсыз ба? Әлбетте, бір қарағанда сондай жыр болып көрінеді, солай әсер етеді. Алайда, мұнда өмірдің шындығы жатыр. Жер бетінде жақын тұтып, жақсы көріп, арман мен тілегін ұштастырғысы келген қаншама ғашықтар болды десеңізші?! Соның бәрі серті берік болса да өмірдің сейдің, сергелдең жолына түсіп, басқадан бақыт тапты. Жанын жалынға ораған, жүрегін өртеген адамның бір-біріне деген құштарлығы мен махаббатынан асқан не сиқыр бар тәп-тәтті?! Назын арқау еткен аруын келіншектік ғұмыр кешкен шағында көрген ақын талай жүректі шым еткізер шындықты еркін, жеңіл бедерлепті. Ал батпандай сағыныш пен қимастықты, өзі атаған «өкінішті»:
«Тұрды толқып қимай көзің,
Кездестік-ау кеш дедің.
Бара жатты толқып сезім,
Біле алмадым, не істермін», – деп тиянақтайды.
«Шығарманың ойы, мазмұны, әрбір дәлел-дәйегі (деталь) салмақты болуы, қиын түсуі кемшілік емес. Солай болуы да ләзім. Алайда, адамның адаммен үндескені, пікірлескені (диалог) тілге жеңіл, ойға қонымды болғанынан жарасымды дүние жоқ» деп өз естелігінде Мұзафар Әлімбаев айшықтап кеткендей, Кенжехан Рақыштың бұл жырында да адами пайым жатыр, мәні терең сезім көзге ұрады. 

Жалпы, шығармашылық адамның ішкі сезімі қашанда терең болатынын оның жазбасынан, өнер туындысынан парықтауға негіз бар. Ғафу Қайырбеков аударған Пабло Неруданың:
«Шаң басқан бидай сабағын,
Құтырған желін жағаның
Сені мен мені арайлым,
Ықтырып уақыт – ақ айдын,
Барады сүйреп сан ағын», – деп келетін ғазал жырларын, махаббат тақырыбындағы өресі биік өрелі өлеңдерін алып қарасақ та, немесе:
«Тау сулары, таусылмады, сыңсып тұрып ағады,

Қыз толқындар бірін-бірі шымшып, күліп барады», – деген Жұмекен Нәжімеденов бастаған қазақ поэзиясына барлау жасасақ та қарапайым ойдың қайырымы терең сезімнен бастау алғанын түйсінуге болатындай. Барлау демекші, өзінің шығармашылық жолын «Барлау», «Байыптау», «Бағдарлау» атты кітаптармен өрнектеген Кенжехан ақын өз кемеліне келген шағында кесек туындылар бедерлей білді.

Балауса кезім, бауырлас болған жылдарым,
Қанатын қаға кеудеме 
        қонған жырларым.
Жасырын ғана өткендей
         болды зымырап,
Тағдырда мынау «қақ-соққа» 
        көңіл бұрмадым, – деп ғұмырнамасынан сөз сабақтаған ақын шын мәнінде «қақ-соқта» шаруасы жоқ, замандасы, сырласы – Әбен Дәуренбеков айтқандай: «Қызықпай атаққа да, мәнсапқа да, өмірден өтсем болды ән сап қана» деген пайым үдесінен шыға білген, қарапайым ғана ғұмыр кешіп келе жатқан ақынның әр жыры мөлдір, әр толғамы татымды.

Рас, кейде адам баласы тұрғысында, оның адамгершілігі, өмірлік ұстанымы немесе шығармасы хақында ой қозғаудан асқан мехнатты дүние жоқтай көрінеді. Өйткені, адам ғұмырын тұтас сипаттап, оның әрбір шығармасын жеріне жеткізе дәріптеп шығу мүмкін емес. Неге? Біріншіден, ақын жан сезіміне суарған өлең-өскінінің әр сабағын, әр жапырағын парасатпен танып, көре білу қабілеті болуы шарт. Одан кейін оның шындығы қайсы, шамырқанған кезіндегі артық ауыз айтқан байламы қайсы, соны  нақтылай тануға міндеттісің. Өз кезегінде жақсылы-жаман ісін, сөзін, пайымын, әңгімесін, мінезін де тағдырының өлшемімен, замандастарының пікірімен үндестіре алуға тиіссің. Ал осының бәрін бір мақалада, жалқы толғамда келтіруге бола ма? Әрине, қиын дүние. Бұл орайда да тағдырдың жақсы-жаманын, қызығы мен қуанышын қатар көріп, ақындық пен адамдықты тең ұстай білген Кенжехан Рақыш хақында мейлінше қою сөз айтып жатырмыз дей алмасымыз анық. Десе де, біз білетін қарт журналист, бүгінде 106 жасты еңсерген абыз басылым «Жетісу» газетінде өзінің журналистік ізін сайратқан, үш кітап арқылы үш жүзге үнін жеткізген ақынның жаны ізгі, жүрегі жылы екенін білеміз. Артынан ерген буынға, жас талапкерлерге ақсақалдық, ағалық ақыл айта білетін, сөзі салмақты, жүрісі нық жанның  шығармасы да, шығармашылық әлемі де жанындай таза, жүрегіндей мөлдір. Тіпті, ғұмырындай қарапайым әрі тартымды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ