ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 388
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ел тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің жағдайын көтермеген адам, жырламаған ақын, жазбаған жазушы жоқ шығар. Бірақ, соған қарамастан егемендігімізге 30 жыл асқанымен ана тіліміздің жағдайы қазір өзекті болып, күн тәртібінен түспей жүр. 


Көпшілік қазақ тілі грамматикасының қоғам арасында дұрыс қолданбауын айтса, енді бірі шала сөйлеген қазақтарды айыптап шырылдап жүр, тіпті қазақ тілінің күйі республика ақпарат кеңістігінде аянышты екендігі туралы дабыл қағуда. Ана тіліміздің не себепті осындай жағдайға түскенін біз  сонау Кеңес өкіметінің тұсымен байланыстырсақ қателеспегендігіміз. Себебі, асыл тастың жауһарындай, теңіздің суындай мөлдір, саф алтындай таза тіліміздің былғанғандығы тікелей сол дәуірдегі орыстану саясатымен астасып жатыр. 

Дегенмен 30 жыл өткеннен бері неге қазақ тілінің құрметі мен аясы тар болып, қолданыста көп қолданылмайды деген сауал  санаңда сайрап, мазаңды қашырып тұрады. Бұл мәселені ғасыр адамы Бауыржан Момышұлының мына сөзіне назар аударсақ: «Біз кім едік, кімбіз, кім боламыз деген сұраулар әлі күнге дейін жауапсыз қалып кетіп жатқан жоқ па? Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақ тілінде сөйлеуді масқара  көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөр-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын неге көрмейсіңдер?» дейді.  Міне, осы тұста қай жерден қателік кетті деп ойланып жатырмыз, оған қоғам ба, әлде атқарушы билік тарапынан қателік кетті ме? 

«Қазақ тілінің қоғам арасында пайдаланылуы неге тар?» деп жас ұрпақтан сұрасақ, олар қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде сөйлеу ыңғайлы екенін алға тартса, енді бірі қазақша сөйлеуге ұялатынын жеткізеді. Тіпті құжаттардың орыс тілде жазылып, қазақша тәржімалануын көргенде қаның қайнап, жылағың келеді, онымен қоса қазақ тілінде ақпараттың аз жазылуы да жеке бір мәселе. Осы мәселенің барлығы тікелей қазақ тілінің беделін түсіріп, құрметін қашырады.

 Асыл тіліміз – қазақ тілінің басқа тілдерден артықшылығы жағынан  басым түспесе кем қалмайтынын  қоғамда насихаттау керегін алға тартқым келеді. Біз болашақ ұрпаққа қазақ тілінің қазақ елі үшін маңызы мен рөлін кеңінен ұғындыруымыз қажет. Оларға ана тілі бір ұлтты екінші ұлттан даралайтын символ, ана тілінде сөйлейтін, жазатын адам ұлттық рухы мықты тұлға екенін бойларына сіңіріп айтуымыз қажет. 

Жайна ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Көктұма қазақ орта мектебінің түлегі 
Алакөл ауданы