КӨҢІЛ ТЕРБЕТКЕН КЕШ

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 417
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Жыр жауһары» поэзиялық кездесуінің кезекті кеші өтті. Бұл жолғы кейіпкер сазгер, ақын, жазушы, кеңестік сауда саласының үздігі, Алматы облысының Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Базархан Жақыбаев.


Жалпы, қазақ әдебиетіндегі әр тұлғаның өзіндік биігі, тек өзіне ғана тән асуы бар. Ал, Базархан Жақыбаев бір бойына бірнеше өнерді сыйғызып, қазақ мәдениетінің қазанын берекемен қайнатып жүрген тұлға екенін оның сазгерлік, жазушылық, ақындық өнеріне қарап айта аламыз. 

Жыл басынан бері өткізіліп келе жатқан жетісулық ақындарға арналған еркін форматтағы «Жыр жауһары» поэзиялық сағаты осымен он үшінші рет ұйымдастырылды.

Аталмыш әдеби-сазды кеш облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының және Халық шығармашылығы орталығының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облысындағы өкілдігінің атсалысуымен өтті. Кеште облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков және ақын Болатбек Солтанов, Роза Жылқайдарова, Зылиха Әуезовалар қатысып, ізгі тілектерін білдірді. 

Базархан Төреханұлының «Қыз ұясы», «Қош бол, махаббат», «Ел шығыстан ауғанда», «Жаркентте жеті өзен, жеті арасан», «Тұлпардың тағдыры», «Жесірдің күні» атты шығармалары талай оқырманның жүрегінен орын алды десек қате айтқанымыз емес.

Кеште Панфилов аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары кеш иесінің ән мен жырын шалқытып, өнерлерін паш етті.

Ән мен жырдан соң жүрекжарды лебіздерге кезек берілді. Аталмыш шарада облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Аманжол Жазықбаев ақынға мәслихат төрағасының Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты.  

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ