ЖАСТАРДЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 372
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы тектен-тек айтпаған. Қазақ журналистикасының бастауы болған баспасөз ісі ешуақытта өлмейді.    


Журналистика мамандығында тәлім-тәрбие алған 3 жылда алғаш рет барған өндірістік іс-тәжірибемді қазақ журналистикасының бастауы болған газет редакциясынан өтуді ұйғардым. Сондықтан, Жетісу өңірінде 1918 жылдың маусым айынан бүгінге дейін жұмысын тоқтатпаған, ғасырдан асқан тарихы бар қасиетті «Jetisý» газетінің есігін имене аштым. 1 ай бойы журналист ретінде қалыптасу мақсатында білмегенімді үйреніп, жаңа іспен таныс болдым. 

Болашақ журналист ретінде жазуға машықтанып, жаңа ортаға араластым. «Алатау» қоғамдық-саяси газетінде 7 айға жуық тілші қызметін атқарып жүргендіктен  «Jetisý» газетінің жұмыс барысы қиындық тудырмады. Бірақ аптасына 3 рет облыстың барлық жаңалығын жеткізетін газет өзінің ауқымдылығымен киелі мекендегі қалалық, аудандық газеттерден ерекшеленеді.

Мұнда әр күнге түрлі шараға, жиналыс, брифингтерге қатысу жайлы шақыртулар алып, мақала жазудың ерекшелігіне қанықтық. Тіпті іс-тәжірибенің алғашқы кезеңінде 1-2 сағаттап, қиналып жазатын ақпараттық мақаланы 30-40 минуттың көлемінде жазуды меңгердім. Жалпы, «Jetisý» газеті ұжымының берген ақыл-кеңесінің нәтижесінде мақала жазбас бұрын тақырып таңдау, оның жүйелі жоспарын құру жайлы біршама тың ақпаратпен таныс болдым.

Жетекші болып, студенттерге білгенімен бөліскен ауылшаруашылық және экономика бөлімінің тілшісі Еңлік Бауыржанқызының қадағалауымен мақала жазуды меңгердім.

«Jetisý» газеті редакторының бірінші орынбасары Ришад Тұрғанбайдың іс-тәжірибеге барған бірінші күні «Телеарнадағы журналистер газетке келгенде қиналады, ал газеттің тілшілері газетке де, телеарнаға да жүйрік дарынды маман. Оның себебі, газетте жазуға тым ерекше көңіл бөлінеді» деген сөзінің жаны бар. «Jetisý» газетінде редакция ұжымына бірден үйренісіп, аурасы да, жазу бағыты да жаныма жақын сезілді. Газет басшысы да, жоғары лауазымды тілші аға-әпкелер де қарапайым әрі мамандықта талай жылдық өтілі бар білімді, білікті журналистер. Болашақта жазу стилі бір-біріне ұқсамайтын, тіл байлығы мол, мақаланы бір қағида жүзінде емес, еркін бағытта жазатын газет тілшілеріндей болармыз. Сондықтан ол кісілерден алар тәжірибе әлі көп.

Қорытындылай айтқанда, қарап тұрсақ қанша атақты журналист өз жұмысын газеттен бастаған. Мұнда, жас маманның біріншіден жазу стилін қалыптастыруына жағдай жасалады. Тіпті, жазудың қыр-сырын меңгергеннен кейін журналистерге телебағдарламалардың сценарийін жазу оңай шаруа болып қалары сөзсіз.

Бүгінде газетті ешбір адам оқымайды, жойылып кетеді, орнын интернет басылымдар басады деген қауесеттің бәрі жалған. Дәстүрлі басылымның өніп-өсуіне септігін тигізетін болашақ журналистер қатары көп. Бұл жолда сүбелі үлесімді қосып, тәжірибелі мамандарды үлгі тұтамын. «Jetisý» газеті редакциясы ұжымына студенттерге 1 ай бойы бас-көз болып, тығыз жұмысына қарамастан көмек қолын созып, бойымызға нағыз журналистердің қабілетін дарытқаны үшін алғысымды білдіремін. Ұжым мүшелеріне биік белестерді бағындырып, табысты болуын тілеймін. 

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ,
ЖУ студенті