ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ТҮЛЕК ҰБТ-ДАН 133 БАЛЛ ЖИНАДЫ

Уақыты: 03.07.2024
Оқылды: 379
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ҰБТ-ның қай кезеңі болсын түлектерге оңайға соқпағаны ақиқат. Бұл уақытта бала үшін ата-ананың уайымы таудай болып зораятыны бар. Білім сыналатын кезде белдің де шыдас беруі керек сияқты. Яғни, межелі балды жинай алмай қалғанда оған бола түңіліп, болашақтан түбегейлі үміт үзудің қажеті жоқ. Әркімнің бір жарқ ететін сағаты соғатынын шындық десек, сол сәтті күткен абзал. Ал, талдықорғандық жас түлектер жоғары балл жинап өзін де, өзгені де қуантуда.


Әзілкештердің ҰБТ-ны «Бір күндік ұлы төңкеріс» дейтіні бар еді ғой. Шынымен де әлуметтік желіні ашып қалсаң биылғы түлектердің уда-шу, мәз-мейрам болып жатқанын көріп іштей риза боласың. Әрине, ешқайсысының бұл сынақтан сүрінбегенін, оқыған еңбегінің зая кетпегенін қалаймыз.

№14 орта мектеп-гимназиясының түлегі физика-математика пәндерін таңдаған Бекасыл Рысбек Талдықорған қаласы бойынша көш бастап тұр.  Ол ҰБТ-дан 133 балл жинаған. Бекасылмен біз де сұхбаттасып үлгердік. Оның айтуынша, көздеген межеге жету оңай болмаған. Қаншама ұйқысыз түндер, ізденіске толы күндер бүгін жемісін беріп отыр.

– Бұл күнге жеткеніме әлі де сене алар емеспін . Кеудемді кернеген қуанышты, айрықша әсерді әсте айтып жеткізе алмаспын. ҰБТ-ға дайындығымды қыркүйек айынан бастаған болатынмын. «Арыстан» онлайн курсына қатыса жүріп білімімді шыңдадым. Алдағы жоспарым өзім қалаған мамандықта оқып, жоғары деңгейлі маман болып шығу, – дейді ол.

Бекасылдың алдында Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің түлегі, математика-география пәндерін таңдаған Алмат Санатұлы 132 балл жинап көш басында тұрған болатын. Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының түлегі Сабина Аблақат та жақсы нәтиже көрсетті. Ол 131 балл иеленген-тұғын.

Айта кетейік, қазіргі кезде Талдықорғандағы жалпы білім беретін мектептердің 18 бітірушісі ҰБТ-дан 116-дан 133 баллға дейін жинап отыр.

Медет ЖҰМАБАЙ