СЫЙЛАСТЫҚҚА НЕ ЖЕТСІН?

Уақыты: 13.07.2024
Оқылды: 534
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бірде сырлас құрбым науқастанып, ауруханаға түсті. Халін білу үшін ыстық тамақ әзірлеп апардым.


Емделіп жатқан жан құрбымның беті бері қарап, денсаулығының жақсарып қалғанын байқадым. Екеуміз біраз отырып әңгімелестік. Құрбымның көңілі көтеріліп, жүзі бал-бұл жанды. Оған мен де қуандым. Бөлмеде жатқан әжейдің іші пысса керек, өзін таныстырып, бізбен тілдесе кетті. 
Гүлсара апа: «Өмірден ләззат ала біліңдер», – деп бастады әңгімесін. 

– Жасым 85-тен асты. Өмірден түйгенім аз емес. Жас кезімде көп нәрсеге мән бермеппін. Соның бәрін қазір білсем бақытты болар едім, – деді әжей. Осы сәтте ол терең күрсініп алды. Апаның жасы сексеннің сеңгірінен асса да әлі тың, сөзі мығым, ойы тұнық болып көрінді маған. 

– Кітап оқы, білім ал. Табиғат аясында демал. Денсаулығыңды күт. Әр күннің көп бөлігін отбасыңа арна. Балаға көңіл бөл, мейіріміңді төк, тәрбие бер. Жолдасыңа еркеле, жақсы көретініңді айт. Әр нәрсеге ашуланба, сабыр сақта! Өзіңді сыйлап, бағала. Қиналғанға көмектес, кешірімді бол!. Әр қадам өз таңдауыңмен жасалады.  Уақыттың қалай өткені байқалмайды. Бүгінмен өмір сүр, қуана біл, ризашылығыңды көрсет. Жылдар – бұл тәңірдің үлкен сыйы. Әр сәттен ләззат ал. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз, – деген әжей төсегіне қайта қисайды.

Екеумізде сәл үнсіздік. Көп ұзамай бөлмеге қарт адам кіріп келді. Аяғын әрең басады. Гүлсара апаның өмірлік қосағы екенін түсіндік. Олар қал-жағдай сұрасып, емен-жарқын сөйлесе кетті. Ақсақал асықпай қолындағы ала дорбасынан ыстық асты шығарып, үстел үстіне қойды. Қайнатылған тауық етінің сорпасын ыдысқа құйып, әжеге ұсынды. Қолдарын қысып, бір-біріне жылы шырай танытты, құрмет көрсетті. Олардың сыйластығына біз де қызыға қарадық.

Ал қазіргі қос жұптардың бүгін үйленіп, ертең оп-оңай ажыраса салуына не түрткі?  Олар отбасын сақтап қалуға неге тырыспайды? Жалпы, бір-біріне ілтипат көрсетіп, бір-ақ рет берілетін жарқыраған өмірді сыйластықпен өткізуге қандай кедергі бар? Ерлі-зайыптылар өздерінің қадір-қасиетін жастық шақта емес, қарттық шаққа жеткенде неге кеш түсінеді?  Сұрақ көп, жауап жоқ!

Соңында уақыт жетіп, кәрілік және дәрменсіздікпен бетпе-бет келеді. Сондықтан, жан серігіңіздің аман-есен қасыңызда жүріп,  бір жастықта қартаюдың сіз үшін қаншалықты маңызды екенін білесіз бе?!

Ал бұл туралы көпшілік нендей пікірде екен?.