ҮКІЛЕГЕН ҮМІТ АҚТАЛДЫ

Уақыты: 13.07.2024
Оқылды: 604
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ҰБТ-да жоғары көрсеткіш көрсету – бұл еңбекқорлықтың, шыдамдылық пен ынтаның нәтижесі. Бұл ретте ұлағатты ұстаздардың кәсібиліктері мен жұмысына деген адалдықтары, ата-ананың қолдауы, қамқорлығы мен балаға деген сенімін ерекше айта кеткен жөн. Жүзден жүйрік, мыңнан озат шығып, ҰБТ-дан жоғарғы ұпай жинаған көксулық оқушыларды аудан әкімі Дәулет Халелов арнайы қабылдап, үлкен өмірге аяқ басқан білімді шәкірттерді құттықтап, ақ тілегін арнады.


Кездесуге 136 балл жинаған Медеубай Құрманов атындағы №2 орта мектептің түлегі Айдана Даулетқызы, 134 ұпай жинаған Қадырғали Қосымұлы Жалайыри атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушысы Аяулым Шаймарден, 133 ұпай жинаған Медеубай Құрманов атындағы №2 орта мектеп оқушысы, Шыңғыс Хабилбол, 132 ұпай жинаған Б. Құндақбаева  атындағы №1 орта мектептің түлегі Әділет Оразғалиұлы келді. Сонымен қатар, 132 ұпай жинаған Мұқаншы орта мектептің оқушысы Қаракөз Мұратқызы, 131 ұпай жинаған Медеубай Құрманов атындағы №2 орта мектептен  Аяла Нұрлыбек, 131 ұпай жинаған Қадырғали Қосымұлы Жалайыри орта мектеп-гимназиясынан Жалғас Күлжақан, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри орта мектеп-гимназиясының түлегі 131 ұпай жинаған Гүлжихан  Ерденбек, Қызыларық орта мектебінің түлегі, 130 ұпай жинаған Қастер Қайрат та үздіктер қатарын толықтырды. Жоғары ұпай жинап, мектеп, ауыл, аудан намысын қорғаған шәкірттердің ата-аналары және мектеп директорлары да салтанатты шараға куә болды.  

Аудан басшысы Дәулет Кенжеханұлы ел болашағының дамуына үлес қосуды бүгіннен бастаған жастарға, биіктен көрінген әр оқушыға, тәрбиелі, еңбекқор бала тәрбиелеген ата-анаға және саналы тәрбие мен сапалы білім берген ұстаздарға алғыс айтып, мектеп директорларына Алғыс хат табыс етті. 

– Информатика мен математика пәнін таңдап, ІТ мамандығы бойынша оқуға тапсырғалы отырмын. Елімізде сұранысқа ие мамандық иесі атанып, өз елімнің дамуына аз да болса үлес қоссам деймін. «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпайды ғой. Еңбектің арқасында 133 ұпай алдым. Осындай жетістікке жетуіме септігін тигізген ата-анама және ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, – дейді Шыңғыс Хабибол.  

Жалпы, Көксу ауданы бойынша 2023-2024 оқу жылында 446 оқушы мектеп бітірді.  Оның  357-сі қазақша, 79-ы орысша білім алды.  28 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. 

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ,
Көксу ауданы әкімінің
 баспасөз хатшысы