АСҚАР ТАУДЫ САҒЫНДЫҚ...

Уақыты: 25.07.2024
Оқылды: 542
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алакөлдің асау толқындарына таяу шаңырақ тіктеген Жайпақ ауылында 1924 жылдың 15 наурызында Тайбота Сайболатұлы мен Мәриям Жазықбайқызының әулетінде дүние есігін ашқан Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ұстанымы мықты ұлағатты ұстаз Нұрғызарын Тайботановтың есімін ерекше атап өткен жөн.

Әкеміз Нұрғызарын Жайпақ ауылында бастауыш мектепте оқыған. Социалды орта мектебінде 5-сыныпты, 6-7 сыныпты, Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектебінде аяқтаған. 1939-1942 жылдар арасында ауылда ұжымшар құру жұмысына араласқан. 1942 жылы 4 қыркүйекте әскер қатарына алынып, Саратов қаласында дайындықтан өтіп, НКВД-ның 5-Батыс атқыштар полкінде майданға аттанады. 1945 жылдың қаңтар айынан мамырға дейін НКВД-ның 114 полкінде мерген-атқыш болған. 1945 жылдың мамырынан  ІІМ-нің 127-ші жеке бөлімшесінде «пулеметші» ретінде борышын өтейді. 1949 жылы елге оралып, «Сталин» ұжымшарына келеді.

1961-1962 жылдардан бастап ұстаздық қызметке кіріседі. 1963 жылы Қарабұлақ орта мектебінде, 1964 жылы Еңбекші орта мектебінде, 1964-1970 жылдар аралығында Абай орта мектебінде  5-8 сыныптарға  география және табиғаттану пәнінен сабақ берген. Ұлағатты ұстаздың тәрбиесін алған шәкірттері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына  үлес қосуда. 1984 жылы осы білім ордасынан зейнеткерлікке шығып, немерелерінің тәлім-тәрбиесіне баса көңіл бөледі.

Аштықтың ащы дәмін, сұрапыл соғыстың қиын қыстау күндерін басынан кешсе де өмірін бала тәрбиесіне арнап өткен ұлағатты ұстаз, асқар тау әкенің жақсылығын ел ұмытқан емес. Ұстаздық еткен жылдарында әкеміз адал еңбегінің арқасында 1985 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегері атанып,  әр деңгейдегі мадақтама,  диплом, грамоталармен марапатталған. Ұстаз бола жүре мектепте кәсіподақ ұйымын басқарып, әріптестерінің де жағдайын барынша бағамдай білді. 

Әкеміз бен анамыз ұрпағын жан-жақты ізденімпаз етіп бағып-қағып, еліміздің саяси, әлеуметтік өмірін түсіндіре отырып, бағыт-бағдар берді. Зейнеткерлікке шықса да өз қатарластарының арасында беделге ие болды. 1989-2003 жылдар арасында Үшарал қалалық «Ақсақалдар алқасын» басқарды. Қарт ақсақалдардың әлеуметтік, мәдени өмірлерінің қалыптасуына өз үлесін қосып отырды. Асқар таудай әкеміз бен анамыз жетеуімізді, яғни 2 ұл, 5 қызды тәрбиелеп, бойымызға білім нәрін сусындатып, әрқайсымыздың жоғары білім алып, өмірден өз орнымызды табуымызға  мән берді. Әкеміз ұстаз болғандықтан біз де сол кісінің жолын қуып, ұстаз атандық. 

Кішкентай кезімізде әкеміздің сабақ беріп  жатқанына қызыға қарап, мақтан тұтатынбыз. Әрқайсымыз үшін әкеміз баға жетпес байлығымыз, идеалымыз болды. Бүгінде әр баласы өз алдына отбасын құрып, балалы-шағалы, өмірден өз орнын тапты. Ата, аға, әкелеріміздің арқасында келген жеңістің қадірін терең түсінеміз. Әкеміз Ұлы Жеңістің 60 жылдығында  Астана қаласында Президенттің, облыс әкімінің, Қорғаныс министрінің марапаттарына ие болды.

Әкеміз тірі болғанда 100 жастың кемер шыңына шығар еді. 82 жылдық өмірінде қаншама қиыншылықты,  ашаршылықты,  зұлмат соғыстың зардабын шексе де кеудесін тік ұстап мойымай, өзінің алдыға қойған мақсаттарына қол жеткізе білді. Асқар тау әкеміз жарық дүниеден өтсе де жадымызда мәңгілік сақталып қалады. Бізге әкеміздің қажырлы еңбегі, өмір жолы үлгі-өнеге.

Әкеміз білім саласының үздігі болса, бүгінде бақуатты тірлік кешіп  жатқан анамыз халыққа қызмет көрсету саласының озық қызметкері атанды. Екі үздік адамның балалары өмірде де алғы шепте болуға міндетті деп  ойлаймын. 

Асыл ТАЙБОТАНОВА
Алакөл ауданы