Мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімдері мен Мәдениет үйі ұйымдастырған айтыста негізінен өлең сөздің ерен жүйрігі, ақын Есенқұл Жақыпбековтың Жамбыл мен Қарасай аудандарындағы жас шәкірттері сөз қағыстырды. Сондай-ақ, Райымбек ауданынан айтыста жарқ еткен жұлдыз Оразалы Досбосыновтан тәлім алған ақын қатысты.
Ұлтымыздың төл өнерінің туын желбіреткендердің арасында мектеп оқушылары да, республикалық айтыстарда төбе көрсетіп, қалың көрерменге таныла бастаған ересектеу қыз-жігіттер де болды. Қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп, жұрт алдында кестелі сөзбен өрнек өрген 16 ақын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақ жұртының еркіндігін әспеттеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жайын қозғады. Бірін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытып, суырыпсалмалық қабілеттері сыналды. Ой жүйріктігі мен көркем тілге шешендігін байқасқан сегіз жұптың ішінен тауып айту шеберлігі жоғары бағаланғандары екінші айналымға жіберіліп, үздіктері анықталды.
Сөз сайысының қорытындысында әділқазылар алқасының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы Жылбек Тоқтасынов бас жүлдені Үшқоңыр ауылынан келген Аяулым Жұмабекқызына тапсырды. Екі бірінші орындарды самсылық Жалғас Садырұлы мен Қастек ауылының өрені Қаныбек Мұсахан жеңіп алды. Екінші орын бәйгелеріне қарасайлық Алтынбек Ибрагимов пен Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы Қ. Әбсәметов атындағы орта мектеп оқушысы Мәди Төлеген ие болды. Үшінші орындар қарғалылық Ақбота Манарбекке, Райымбек ауданынан келген Қызыр Далабаевқа және айтыс сахнасына тұңғыш рет шығып отырған 8-сынып оқушысы, самсылық Пәкиза Арыстанға берілді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы