"ӨКІНЕТІН ТҰСТАРЫМ КӨП": ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ОЙЫМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 13.12.2019
Оқылды: 1916
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тәуелсіздік – тәтті ұғым. Ал ащы мен тәттінің дәмін оны татып көрген ғана біледі. Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері  Дулат ИСАБЕКОВ еліміз басынан кешірген екі қоғамдық-саяси жүйеніңде жай-жапсарын жақсы біледі. Сондықтан, мемлекетіміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қаламгерге жолығып, кеше мен бүгін һәм болашақ жайлы ойларын ортаға салуды өтінген едік.

- Дулат аға, сіздің пікіріңізше, осы тәуелсіздік бізге қалай келді?

Бұл өте ұзақ әңгімеге өзек болар сұрақ екен. Иә, қоғамда осы жайлы бір-біріне кереғар пікірлер айтылып жүр. Біреулер «соғыссыз, қантөгіссіз, текке келді» десе, екіншілері сонау тарихтан тартып, қазақ халқының азаттық жолындағы сан ғасырлық азапты күресінің жемісі дейді. Екі пікірмен де келісуге болады. Қалай дегенмен, күннің аты күн, айдың аты ай, жылдың аты жыл болатыны сияқты, Тәуелсіздіктің аты – Тәуелсіздік.

Жұрт КСРО-ның алғашқы және соңғы Президенті Михаил Горбачевты алай-бұлай деп жатады. Менің ойымша, егер сол Горбачев болмаса біздің тәуелсіздікке қол жеткізуіміз қиын болар еді. Біз қазір Брежневтен кейін Кеңестер одағында билікке келген Черненко, Андроповтардың жоспарларымен танысуға мүмкіндік алып отырмыз ғой. Олар ұзағырақ отырғанда империяда нағыз диктатуралық социализм орнатар еді. Себебі, күндіз көшеде жүргендерді, дүкенге барғандарды жаппай тексеріп, жауапқа тартып жатқан әрекеттердің сан куәсі болдық емес пе?! Әрине, тәртіп те керек шығар. Алайда бұл мәселеде шектен шығып кетудің ел тарихында сан рет болғанын біз жақсы білеміз.

Кім біледі, Горбачев, бәлкім, бәсекелес мемлекеттердің құпия қызметінің жемісі болар?! Сол арқылы ұзақ жыл бойы тоталитарлық жүйеде өмір сүріп келген халықты беймәлім бір демократия деген елеспен қызықтырып, Кеңестер одағын күйрету жоспарын жүзеге асырды ма екен?! Қалай болғанда да, оқшау ой, өзге пікірі бар адам қуғынға ұшырайтын қоғамға Горбачев келді де, жариялылық пен пікір алуандығына кең жол ашып тастады. Әр деңгейдегі құрылтай жиындарының делегаты болған мен осы кезеңдегі халықтың толқынысын жақсы білемін. Міне, соның нәтижесінде біз бір оқ атпай-ақ қантөгіссіз тәуелсіздікке қол жеткізген болатынбыз.

Осы теңдесі жоқ тарихи оқиғаға сол кездегі КСРО Ұлттар кеңесінің төрағасы, халқымыздың аймаңдай перзенті, менің досым Әнуар Әлімжановтің тікелей ықпал еткенін мақтанышпен айта аламын. Себебі, оның келісімінсіз, қол қоюынсыз одақты тарату жүзеге аспаушы еді. Міне, империяның күйреуіне, ұлттардың тәуелсіздікке қол жеткізуіне  қазақтың ұлы осылайша өз үлесін қосқан болатын. Біз де осы оңтайлы тұста ғасырлар бойы аңсаған, аңсап қана қоймай, аянбай күрес жүргізген азаттықты ақиқатқа айналдырған едік.

- Тәуелсіздігімізді алдық қой. Ал енді содан бергі жылдары біз неге қол жеткіздік, нені жүзеге асыра алмадық? Сол жайлы сіз не айтасыз?

- Ең алдымен, қазақ елінің тәуелсіздігін әлем мемлекеттері мойындады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық! Бұрындары Қазақтың туы БҰҰ ғимаратының алдында желбіреп тұрады деген ой біздің түсімізге де кірмейтін. Шегарамызды бекемдеп алдық. Өз басшымызды өзіміз сайлауға қол жеткіздік. Төл теңгеміз өмірге келді. Бұл – біздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген сөзсіз жеңістеріміз деп білемін.

Сыртқы саясатта жасалып жатқан жұмыс аз емес, әрине. Бірақ бұл мәселеде Қазақстан әлемге ықпал ететін ойыншыға айналды дей алмасымыз анық. Ядролық қарусыздану, өңірлік қақтығыстарға араағайындық жүргізуде біраз жетістігіміз бар. Алайда АҚШ, Қытай, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттер теке-тіресінде біз бақылаушы ғана бола аламыз.

Біздің елді бәрі біледі дей беруге де болмайды. Мен әлемнің көптеген мемлекетінде болған адаммын. Белгілі бір мүдделі топ өкілдері болмаса, Қазақстан деген мемлекетті, қазақ деген ұлтты жұртшылық біле бермейді. Іргедегі Корея халқы да толық танып үлгермеген.

Ал енді экономикаға келер болсақ, шынтағымды тістей алмай өкінетін тұстарым көп. Өз шикізатымызды өзіміз пайдалансақ, байлыққа батып отыратындай сезінуші едік. Шын мәнінде олай болмай шықты. Кеңес одағы кезінде қалыптасқан байланыстар үзілгеннен кейін сол шикізатты игеруге шамамыз келмей қалды. Бізде мұнайды, молибденді, жезді, аса қымбат уранды  өндіретін, өңдейтін кәсіпорындарда еңбек етуге жарамды мамандар жоқтың қасы екен. Жоғары білікті ұлттық кадрларды даярлауға мән берілмепті кезінде. Соның салдарынан біздің қазына-байлықтарымызды өзгелер игеріп жатыр. Тәуелсіздік жылдары көп нәрсені қолдан шығарып алдық. Мәселен, түрлі индустриалды-инновациялық бағдарламалар қабылданғанымен біз әлі күнге дейін әлемдік талаптарға жауап беретін өндіріс орындарын, зауыттар мен фабрикаларды сала алмадық. Мемлекеттен қыруар қаржы жұмсалып ашылғандарының өзі қозғалыссыз тоқтап тұр. Мұның себебі, тағы да қайталаймын, бізде өндірісті меңгеретін мамандар даярлауға мән берілмеген.

Ауылшаруашылығында қалыптасқан жағдай да мүшкіл. Кезінде кеңшар-ұжымшарларда болған мыңғырған малды аз жылдың ішінде талапайға салып, ауылды кәсіпсіз қалдырдық. Урбанизация деген әлемдік құбылыс дейміз ғой. Ал қалаға келген жастарымыз не бітіріп жүр? Көбісі базарларда тәшкі сүйретіп жүрген жоқ па?!  Кезінде КСРО-ны азық-түлікпен қамтамасыз еткен Қазақстан бүгіндері ет пен сүтті шетелден тасиды деген не сұмдық?! Біз Белоруссияның тәжірибесімен таныспыз. Онда ұжымшарлармен бірге ауыл дүкендеріне дейін сол қалпында жұмыс істеп тұр. Ауылдарында жұмыссыздық деген атымен жоқ. Мемлекет ауылшаруашылығы өнімдерін өткізетін нарық іздеп шарқ ұруда. Ал бізде ше?! Қойшылар таяғын, механизаторлар балғасын ұстап қалды емес пе?!

Балабақшалар жабылып, кітапханалар жабылып, клубтар ат қораға айналып, электр желілері қиылып, тіпті, бетон бағаналардың ішіндегі арматураға дейін темір қабылдайтындарға өткізіліп жатқанын көзіміз көрді.

Жай ғана бақылаушы болып қоймай, мен осының бәрін Елбасына сан рет айттым да. Ол кісі менің сөздерімді ашуланбай, мұқият тыңдайтын. Жағдайды түзетуге түрлі әрекет жасалды да. Нәтижесі қандай, бұл басқа мәселе...

- Осы жерде енді не істемек керек деген сұрақ туындайды.

- Маған бәрін маман даярлаудан бастау керек шығар деген ой келеді де тұрады. Ұлан-байтақ Қазақстанда бәрі бар, өзімізде өндірілетін ешнәрсе жоқ. Шағын ғана аралдағы мемлекет – Жапонияда ештеме жоқ, бірақ озық елдің алдыңғы қатарында. Әрине, Жапония сияқты электрониканы меңгеру күрделілеу болар. Алайда өз шикізатымызды өзіміз игеруге болатын шығар?! Олай етпейінше біз өзге мемлекеттерге тәуелділігімізден арыла алмаймыз.

Қазақ жерінің географиялық орналасуының өзі тиімсіздеу екені хақ. Украина сияқты Еуропаға жүгінеміз деп қоқан-лоқы жасауға келмейді. Сондықтан, осы мәселеде қателікке жол бермеу біз үшін өте маңызды. Демек, ақыл мен парасат және айлаға сүйенген сыртқы саясат қажет-ақ.

Жуырда Англияда бір аптадай жүріп келдім. Сонда бейресми бір кездесуде ағылшын достарым: «Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алады екен. Ал халықтың саны Нидерландымен деңгейлес. Бар-жоғы 17-18 милионның төңірегінде. Қазақстанға тәуелсіздігін сақтап қалу аса қиын болады-ау?!» – деген қауіптерін ашық айтқан болатын.

Ал ішкі саясатымызға келер болсақ, тағы да тіл мәселесін бөліп айтқым келеді. «Сен қай тілде сөйлесең, сол ұлттың өкілісің!» – деген тұжырымның астарында үлкен мән жатыр. Тілі орысша шыққан азаматтың ресейшіл, қытайша сайраған баланың қытайшыл болатынына күмән келтіруге болмайды. Осы мәселені шұғыл қолға алғанымыз жөн. Бұл жайлы менің пікірімді Елбасы да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жақсы біледі.

Экономикамызда ірі өндіріс орындарын мемлекет мүддесіне жұмыс істеу, шетел мамандары мен жергілікті ұлт өкілдерінің жалақысын теңестіру, шет мемлекеттердің мамандарын барынша азайту, қақтығыстар болған жағдайда өз ұлтымыздың мүддесін алғашқы орынға шығару саясатымыздың басты бағыты болып қалуы аса маңызды.

Бұл айтқандарым, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аттың жалы, түйенің қомында жүріп қол жеткізген тәуелсіздігімізді сақтап қалудың, оны мәңгілік етудің кейбір мәселелері ғана. Ендеше, тәуелсіздігіміз әрбір қазақтың жеке басының қуанышына айналуы жолында жұмыла еңбек етейік!

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Фото - автор

Алматы