"ОЙЫНШЫҒЫН КӨРСЕТТІ": ГАЗЕТ ТІЛШІСІ ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ТЕБІРЕНДІ

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1946
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қоңыртөбел әңгіме. Қой бағып, қотан кезіп жүрген баланың қошақан қиялындай шым-шытырық. Жанардың білегінен алғаш ұстаған Қожаның алақанын құшырлана қысып, мұнар дүниеге мұрнын шүйіре қарап, маң-маң басқан сәтіндей кербез. Күннің сарыжалқын сәулесіне шомыла ойнап, шикі сарыдан қара торының біріне айналған ауыл бұзықтарындай алаңсыз.

Дәмі тіл үйіретін «Қазақстан» шоколадын төртке бөліп, шай үстінде шүйіркелескен келіншектердей мейірбан. Жапанда адасқан жалғыз жолаушыға бағдаршам болған жетіқарақшы жұлдызындай шоғырлы. Айт күні атасының айтқанын қағып алып, жұрт қуып жарапазан жырлаған немеренің тілегіндей тәтті. Ерте еңбектеген нәрестедей қолды-аяққа тұрмай, қылығы қуанышыңды еселейтін тұңғышыңдай ыстық. Сүйгеніне сөз салған бозбаланың бозамық ойларындай күдікшіл. Қит етсе шөке түсіп, жылай жөнелетін ерке қыздай аңғал.

Сенек тастай қараңғыда тау басында тұтанған жалындай көзге бірден оттай басылатын, болмашы жетістігіңді желе мақтап, бағаңды асыратын анаңдай аяулы. Жон арқаңнан жақының пышақ сұққанда жаныңнан табылатын досыңдай адал. Күйбең тірліктің күйкіліне кеудесін тосып, кеңпейілділігі мен кеңшілігін азық еткен әкеңдей қамқор.

Нені айтасыз дейсіз бе? Сені айтамын, Тәуелсіздік!

Мына маған қалам ұстатқан да сен емессің бе? Еркін тыныстатқан да, ертеңіме сендірген де сен. Әженің қойнында өскен тұлымдыға әлемге бастар есікті көрсеттің. Кеше кішкентай інімді сынап көрмек ниетте «Тәуелсіздік деген не?» деп сұрақ қойдым. Бірден әкесі сатып әперген ең үлкен ойыншығын көрсетті. Сол сәтте жанарыма жас үйірілмесі бар ма? Періште пейілі әлдилеп әкетті. Әлі әріп танымайтын балапан қолындағы ең қымбат бұйымды ұсынғанда қайран қалдым.

Одан басқа несі бар оның?! Ал, менен біреу сен жайлы сұраса, мынау деп жүрегімді жұлып беруге дайын екенімді анық білемін. Себебі, сені дәріптерге қазақ тілінің сөздік қоры жетпейді, теңеу таппаймын, теңдессіз Тәуелсіздігім!

Мұхтар КҮМІСБЕК

Сурет ғаламтордан алынды