Ұрандап атқа қонып, «Абылайлап» жауға шапқан, Ұлы Дала төсін мекен еткен ақылгөй, дана, батыр халықтың әрбір ізі – тарих, әрбір мұрасы қазына. Бойына қымыз-шұбатпен қан жүгіріп, көкпар, қыз қуумен қызығы таусылмайтын елі іші – өнер кеніші екеніне көз жеткізесің. Іле таңдай қағып, талантымен тәнті еткен тұлғаларға қызыға да, қызғана да қарайсың.
Жау жағадан алған тұста қазақтың білек күшін екі еселендіретін үйдегі жары мен болашақ тізгін иесі ұрпақтары болса, екінші ұраны еді. Сол ұран ұлан-ғайыр жерді сыйлады, береке-бірлігі жарасқан елді сыйлады. Бұлт торлаған көгіміз ашылып, жайма-шуақ күн туды. Алақайлап сүйінші сұрап, ұлан-асыр той жасадық, сан ғасыр арман болған тәуелсіздігімізге тәу етіп, әр таңымызды шүкіршілікпен қарсы алдық. Сол ұран әуелеп әнге айналды, жүрекке жылулық сыйлап, бір кездері жоғалтқанымызды түгендеп, қайта атқа қондық.
Рас, әділ жолды арым деп білетін би-шешен, ақын-жырауларды айтып тауыса алмаймыз. Сол секілді ізгілікке үндер күйші, сазгер, сал-серілердің де жөні бір бөлек. Бодандықтың қамытын киген, торға түскен құстай еркіндігіміз шектелген тұста халыққа жігер сыйлар шоқтығы биік тұлғалар жетіп-артылады. Кеңестік кезеңнің уыты айықпай тұрған кездегі «Менің Қазақстаным» деп өлең жазған Жұмекен Нәжімеденов пен оған ән қосқан Шәмші Қалдаяқовтың есімі ешқашан ұмытылмақ емес. 1956 жылы өмірге келген бұл туынды сан түрлі қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастап, «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп тағдыр тауқыметін тартқан халыққа дем берді, тәуелсіздік жолындағы күресін үдетіп, арман көкжиегіне қарыштап ұшуының себепшісіне айналды.
Құнарлы да шұрайлы жерімізден айырып, тыңайтудың кесепатын басымыздан кешіргенде де кері шегінбедік. Сан мәрте шалынсақ та, «сабыр түбі – сары алтын» деп шыдамның шегін күттік. Сөйттік те, жүрегімізге суық мұзы қадалған 1986 жылдың алаңынан табылдық. Табылдық та Амангелді Иманов, Сырым мен Махамбет, Есет пен Кенесарының жолың жаңғыртып болашақ үшін күрестік. Алаңдағы әрбір қазақ «Менің Қазақстанымды» айтып, жалаң қол, жалаң аяқпен қар кешіп, мұз шайнады. «Бейімбет жау болса, мен де жаумын», – деген Ғабит Мүсіреповтің, Алаш ордашылардың жан қиғандағы армандарын жалғап, баба үмітін ақтадық.
«Кең екен жер деген, Жерге гүл шықты ғой. Дән егіп терлеген, Қазағым мықты ғой!» – деген сөздері қазақтың мықтылығын ғана танытып қоймай, ұрпақ амандығы үшін заманға бейімделу керектігін айтады. Әйтпесе, қазақтың мықтылығы дән егумен шектелмейді. Сондағысы – саясат пен идеология айласын айналып өтудің тәсілі. «Менің Қазақстанымның» алғашқы орындаушылар Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов әлі күнге дейін сол кездерді көздеріне жас ала еске алады. Әнші, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов: «Ол ән әу баста дұрыс шықты, гимн болғанда да әні өзгермеді. Өзінің тақырыбын ақтады. Сөзі өзгергенмен айтар ойы бір, тамыры бір жерден таралады. Гимн жаңарар сәтте конкурсқа түсіп, бәйгеден келді және тақырыбын ақтаған ән, рух сыйлауда, патриотизме үндеуде қызметін атқарды және болашақта атқара береді де», – деп әннің негізгі қызметін айқындап берді.
Қазақтың басына қиыншылық үйірілгенде туған бұл ән «Елім-ай» сынды тағдырлы шығарма. Себебі, алып орыс империясы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын 1956 жылдары өздеріне алуға тырысады. Дәл сол тұста Шәмші Қалдаяқов бастаған ұландарымыз оған қарсы болып, наразылықтарын әнмен білдіреді. Радиодан күніне 3-4 рет беріліп, рухқа рух еселеп, еңсесі түскен халықтың қайта аяқтан нық тұруына себепші болады. Бұл сөзімізді Шәмші Қалдаяқов өзінің берген сұхбатында нақтылай түседі.
– «Менің Қазақстаным» деген әнді жазуыма тура келді. Халық жаппай жер деп шулап жатқандағы туындаған ұран әніміз еді. Мен сонда Жұмекен Нәжімеденовке: «Сенің кеудеңде қазақтың қаны бар ғой, «Менің Қазақстаным» деген сөз жаз, мен әнін жазып беремін», – деп салмақ салдым, – дейді Шәмші Қалдаяқов.
Елім деп еңіреген өр ерлердің қолдарынан шыққан туындының мәтіні неше мәрте өзгерсе де мән-мағынасын жоғалтпады. Керісінше, бүгінгі күнде әрбір қазақ жүрегіне алақанын қойып шырқайтын тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналды. «Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!», – деп келетін сөздері сай-сүйегіңді сырқыратып, жігер отын жандырады. Иә, қазақ ешқашан намысын бермеген, бермейді де. Ер болып, еркіндіктің туын жықпаспыз. Себебі, біздің жалғыз ғана бағымыз бар. Ол – Тәуелсіздік.
Мәулен Әнербай