"ТАУ-ТАС АРАЛАЙМЫЗ": ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА БЕС АУЫЛ ИНТЕРНЕТКЕ ЗӘРУ

Уақыты: 11.12.2020
Оқылды: 1444
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазіргі қоғамды интернетсіз елестету мүмкін емес. Өйткені, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған жаңа технологияның заманында кез келген дүниені ғаламтордан алуға болады. Пандемия кезінде тіпті барлық сала интернет арқылы онлайн жұмыс істеуге мәжбүр болып тұр. Сондықтан, еліміздің барлық ауыл, қалаларында сапалы интернет болуы маңызды.

Жасыратыны жоқ, қашықтан оқыту басталғалы «Интернет жоқ, сабақ оқи алмай отырмыз» деген оқушылар мен ата-аналардың арыз-шағымын жиі естиміз. Ұялы телефонды қолына алып, тау-тасты аралап, байланыс ұстайтын жер іздеп жүргендер де жоқ емес.

Осы олқылықты жою үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қол жеткізуді және барлық азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс екендігін айтып, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізілетінін жеткізді.

Бүгінде сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша екі жоба іске асырылып жатыр. Олар: ауылдық елді мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және интернетке мобильді кеңжолақты қосу.

Бұл мәселе бойынша Қаратал ауданында да бірқатар шара атқарылып, 23 ауылда интернет желісі орнатылған. Бірқатарында жылдамдығы өте жоғары, сапалы ғаламтор да бар.

Мамандардың айтуынша, ең бастысы, бұл ауылдардың барлығында байланыс жақсы ұстайды. Оқушылар үйде отырып емін-еркін сабағын оқи алады. Десе де, интернеттің ауылы алыс деп әлеуметтік желіге зар болып отырғандар да жоқ емес. Атап айтсақ, Көпбірлік, Қарақұм, Ақжар, Алмалы, Дөңши ауылдарында интернет қосылмаған. Көпбірлікте тұрғындар өздері ғана білетін сөйлесу нүктелері арқылы керекті құжаттарын әлеуметтік желімен жібереді. Ал қалған ауылдарда ол да жоқ. Аудандағы басқа ауылдар секілді бес ауылға да интернет тартылса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл - ауыл жұртшылығының тілегі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды