МЕНІ ЗОРЛАДЫ ДЕП ЖАЛА ЖАПҚАН БОЙЖЕТКЕН 3,5 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Уақыты: 12.12.2020
Оқылды: 2207
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қалалық соты 19 жастағы қызды кінәлі деп танып, 3,5 жылға бас бостандығын шектеді. Ол көпе-көрнеу таныс жігітіне мені зорлады деп айып таққан. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

2020 жылдың мамыр айында Талдықорған "Батыс" қалалық полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабына сәйкес, зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында тергеуші өтініш берушінің жауабындағы бірқатар сәйкессіздіктерді анықтады. Анықталған кейбір жайттар бір-біріне қарама-қайшы келді. Сараптама қорытындысымен және басқа да объективті дәлелдермен қыздың арызы теріске шығарылды.

Өзге біреудің үстінен полицияға арызданған Көксу ауданы, Мұқыры ауылының 19 жастағы бойжеткені танысына жала жапқан болып шықты. Тәртіп сақшылары зорлау дерегі бойынша қылмыстық істі қысқартып, көрінеу жалған сөз жеткізу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабына сәйкес, қыздың өзіне қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу материалдары негізінде осы жылдың қазан айында Талдықорған қалалық сотының үкімімен 19 жастағы қыз кінәлі деп танылып, оған 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"