РУХАНИ ҚҰЛДЫРАУ: ҚЫЗ ҰЛҒА, ҰЛ ҚЫЗҒА АЙНАЛАТЫН КЕР ЗАМАН КЕЛЕ ЖАТЫР

Уақыты: 13.12.2020
Оқылды: 1944
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлдың қызға, қыздың ұлға «айналып» кетітінін айтса, еш сенбес едік. Бірақ уақыт өте келе, бұл сөздің жаны барына көз жетіп келеді. Алғаш естігенде жағамызды ұстап, шошығанымыз рас. Мұндай қорқынышты жағдай тек шетелде болатындай көрінетін бізге. Сол себепті қатты мән де бермедік. Азғындықтың аулақ жүргенін қанша тілесек те, жамандық босағадан аттап үлгерді. Енді көпшіліктің Айгүл – Айдосқа, Мадияр – Мадинаға айналады деген қалжыңы шындыққа ұласты. Мұндайда үлкендер «Сақта, Құдай!» дейді. Расында, Жаратқан азғындықтан сақтасын! Бұл туралы "Жетісу" газеті арнайы зерттеу жасап көрді.

Шетелдегі сияқты біздің елде де жыныс ауыстыруға заңды түрде рұқсат берді. Алайда көпшілік бұл Заңға оң көзқарас танытпады. Мұндай сорақылықты дініміз де, діліміз де, салт-дәстүріміз де қабылдай алмайды. Дәл осы жолды таңдап, өзін ұл я қыз сезінгенде ғана бақытты өмір сүреміз дегендер бөркін аспанға лақтырып қуанып жүргені анық. Олар үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып та қойған деседі.

Мәселен, жынысын ауыстырғысы келген адамның психологиялық ауытқушылығы болмай, өз жынысына сәйкессіздігі дәлелденген болуы керек. Медицина тілімен айтқанда «транссексуализм» диагнозын нақтылау үшін бір жыл тексерістен өтіп, психиатрлардың қорытындысын алуы тиіс. Одан кейін еркектен әйел, не әйелден еркек болғысы келгендер бір жылға жуық гормондық дәріні үзбей ішуге міндетті. Яғни, әйел болғысы келетін еркек адамға эстроген гормонын, әйелден еркекке айналғысы келетіндер еркектік гормон – тестостеронды ішеді.

Эстроген гормонын тиісті мөлшерде қабылдаған еркектің болмысы өзгеріп, нәзіктеніп, әйелге тән белгілер пайда бола бастайды дейді мамандар. Ал әйелде керісінше. Дәрі ішіп, ағза отаға дайын болған кезде ғана хирургиялық жолмен жынысы өзгертіледі. Бірақ бұл ота аса күрделі.

Дәрігерлердің айтуынша, ота шамамен 5-6 сағатқа созылады. Жыныс ауыстыру бір ғана отамен шектелмейді, әйел не еркек толыққанды жүрек қалауына жету үшін бірнеше ота жасалады. Ал пышаққа түсудің қаншалықты ауыр екенін жай ғана соқыр ішекке ота жасатқан адамдар жақсы біледі. Ал бірнеше ота жасатып, одан кейін асыр салып өмір сүрем деп айту қорқынышты секілді.

Талай науқасқа ота жасап, еміне шипа беріп, көптің алғысына бөленген хирург Нұртас Ниязбекұлымен тілдестік. ДӘРІГЕР НЕ ДЕЙДІ?

 Қазіргі таңда медицина ғылымы өте жақсы дамыған. Оған мысал да жоқ емес. Бірақ өз басым, жыныс ауыстыруға үзілді-кесілді қарсылық білдіремін. Адам қай жыныста дүниеге келсе, сол жыныста дүниеден өту керек деп санаймын. Жалпы, жыныс ауыстырғысы келетіндерді екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – ана құрсағында жатқаннан физиологиялық бұзылысқа ұшырағандар, екіншісі – жаратылысынан қос жынысты болып туғандар, яғни, гермафродиттер. Медицина тілінде жыныс ауыстыруды «транзишен» деп атайды. Ағылшын тілінен аударғанда «ауысу, өту» мағынасын білдіреді. Адам жынысын ауыстырса да генін өзгерте алмайтынын ұмытпауы керек. Оларға берілетін дәрі де денсаулыққа аса қауіпті. Қанша дәрі ішкенімен бойындағы о баста жаратылған гормондар сақталады. Адамға қажетті жыныс мүшелерін жасау үшін ешқандай да донордың керегі жоқ. Мұндай іспен айналысатын білікті мамандар өзінің ағзасынан не терісінен-ақ қалаған жынысын жасап береді. Жыныс ауыстырғандар өмірінің соңына дейін гормондық дәрілер ішуге мәжбүр болады. Өйткені, бұл табиғи жолмен берілген ағзалар емес. Үнемі көп қоспалы дәріні пайдаланған адамның өмір жасы да қысқаратыны анық. Себебі пайдаланған дәрілер басқа ағазаға теріс әсер етеді. Сол үшін мұндай қадамға бармас бұрын әр дүниенің қадірін саралап алған жөн.

Мұсылман дінінде мұндай азғындыққа бару – үлкен күнәнің бірі. Бірақ жыныс ауыстырып жатқандардың бәрі өзге діндегілер деп айта алмаймыз. Бейресми деректерге сүйенер болсақ, жантүршігерлік ота жасаудан ислам мемлекеті саналған Иран Республикасы да көш басында тұр. Демек, жынысын өзгерткісі келетіндер дінге, ұлтқа қарамайды деген сөз. Адамға сана берсін деп тілеуден басқа амал жоқ.

Жаратылысқа қарсы шығып, айды аспаннан келтіріп жатқандар саны жыл сайын артып келеді. Бұл бәрімізді алаңдатуда. Бүгін осы жолмен өзгерген адамдар ертең білместікпен бас қосып, шаңырақ көтерсе, арғы жағын айтудың өзі қорқынышты. Әлеуметтік желінің кең тараған уақытында бұл мәселе де санаулы минуттың ішінде көпке тарап үлгерді. Көпшілік: «Ертеңгі күніміз не болады? Ұлымыз жынысын өзгерткен еркекті «келін» қып алып келсе, келешек ұрпақтың көрген күні не болады?» - деп дабыл қағуда. Бірақ олардың үніне құлақ асып, содан нәтиже шығаруға асығатындар шамалы. Айтылған пікір дәл сол жерде желгі ұшып кетіп жатты. Өкінішті.

Қасиетті Құран сөзіне тоқтайтын текті халықтың ұрпағы болғандықтан бұл қасіретті жағдайға діни тұрғыдан қарау керектігін де ұмытпадық. Халықты түзу жолға бастап, жамандықтан жирентіп, жақсылыққа үйретіп жүрген дін өкілдерінің де пікірін білдік. ИМАМ НЕ ДЕЙДІ?

Әбудардан ТАЛАСБАЙ, Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы:

Алла о баста қалағанын ұл, қалағанын қыз етіп жаратты. Мұндай асқан шеберлік өзге ешкімнің қолынан келмесі хақ. Бірақ қазір медицина қарыштап дамыды дегендер ойларына келгенді істеп жатыр. Бұрындары жүректі, өкпені, бауырды ауыстырыпты дегенді еститін едік. Енді жыныс ауыстыруға болатынын да білдік. Алайда шариғат бойынша жыныс мүшені ауыстыру – харам. Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Оған мына аят-хадистерді айғақ етсек болады. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген. Міне, осыдан артық қандай дәлел керек? Мұны сезіну үшін адамға жүрек, иман, ақыл қажет. Қызық қуып желіккендер жынысын ауыстырып, ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашып жатыр. Бұдан айрандай ұйыған қоғам да, адам да бұзылады. Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам. Қамшының сабындай ғана тіршілікте күнә арқаламай, өзгелерге үлгі көрсетіп, ғабратты ғұмыр кешуді ойлағанымыз жөн, - дейді.

Әлем бойынша жыныс ауыстыру операциясы алғаш рет 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген ол бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен. Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы бір күнде сыр беріп, Эйнар қайтыс болады.

1940 жылы Гарольд Жиль атты әйгілі әскери хирург ағылшын қызы Лауре Диллонға ота жасап, оны еркек етіп шығарады.

 1953 жылы Джордж Уильям есімді америкалық әскери адам әйелге айналады.

Үндістанда жыл сайын жүздеген қыз бір жасқа дейін жыныс ауыстырудың құрбаны болады екен. Отбасында қыздан гөрі ұл баланың дүниеге келгенін тәуір көретін кейбір үнділер жасқа да толмаған қыздарын жасырын клиникаларға апарып, жынысын еркекке ауыстыруды әдетке айналдырған.

Жалпы, ХХ ғасырдың басында өзінің әу бастағы жаратылысын «қателік» деп танып, жынысын ауыстырғысы келетіндерге бірден «шизофрения» диагнозын қойып, оларды өмір-бақи психиатриялық ауруханада қамап ұстаған.

Қалай десек те бұл істің соңы жақсылыққа апармасы анық. қасиетті Құраннан келтірілген аятты тыңдап, көкейіне  түйіп, теріс жолдан сақтанып, жақсылыққа қадам басатындар саны артсын деп тілейік.

Қазіргі таңда жыныс ауыстыру жағынан Тайланд мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елге көптеген елдің трансгендерлерінің келуіне себеп те жоқ емес. Себебі, мұндағы отаның құны өзге мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мұнда шамамен жылына 500-ге жуық жыныс ауыстыру операциясы жасалатынын естігенде жаға ұстадық.

«Біз демократиялы қоғамда өмір сүреміз. Әркім өз ойын ашық айтуға, өзіне қажетті дүниені істеуіне толық мүмкіндігі бар» деген көпшілік бұл заңға еш қарсылық танытпайды. Алайда бұл істі құптамайтындардың қатары көп екені қуанышты жағдай.

Жеті ата аспай қыз алыспайтын, тегіне асқан жауапкершілікпен мән беретін ҚАЗАҚ үшін бұл шешім – ұлқа жағылған күйемен тең. Өкінішке қарай, мұндайлардың сөзін сөйлейтіндер де бар арамызда.

Алақандай ғана Талдықорған қаласында жынысын ауыстырған адамның барына біріміз сенсек, екіншіміз сенбейміз. Бірақ бұл ақиқат. ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ НЕ ДЕЙДІ?

Шолпан ҚАМЫСБАЕВА:

Мұндай таңдауды әркімнің өзіне қалдырған жөн. Себебі біреудің ішкі жан дүниесін екінші адам мүлде түсінбейді. Мәселен, менің танысым өз таңдауымен жынысын ауыстырды. Ол осыдан он шақты жыл бұрын болған. Заңды түрде рұқсат етілмеген болса да ол өз еліміздің жеке клиникасында ота жасатты. Алғашында оның шешіміне бәріміз біртүрлі қарадық. Бірақ оның пікірін құптауға тура келді. Өйткені, ол бала күнінен ер балармен бірге ойнап, ұлдардың киімін киіп өскен екен. Ол бізге: «Өзімді ер азамат ретінде өте жақсы сезінемін», - деп жиі айтатын. Біз мән бермейтінбіз. Сөйтіп жүріп, өз арманына қол жеткізді. Қазір жеке куәлігінде ер адам деп жазылып тұр. Есімін өзгерткен жоқ. Оның есімі ұл балаға да, қыз балаға да келе беретін. Көз алдымызда жүрген нәзік жанды қыздың бір сәтте-ақ ер азаматқа айналғанын о баста қабылдай алмай, біраз қиналдық. Кейін бәріміз де үйреніп кеттік. Сондықтан әр адам өз таңдауын жасап, өзіне жайлы өмір сүрсе болғаны. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ал заң жүзінде рұқсат бергені де дұрыс болған. Әйтпесе, жасаймын деген адам жеке клиникаларға да, шетелге де барып жасатып жүрді. Бұл – әркімнің таңдауы, - дейді.

Иә, адам ағзасы адам қолымен жасаған басқа дене мүшесін қабылдауы екіталай. Тек қуатты дәрілердің күшімен ғана біраз уақыт ағза жұмысын қалыпта ұстауға болатынын мамандар да айтты. Өмір бойы дәрі ішіп жүру дегеніңіз де оңай емес. Медицина қаншалықты дамыса да жаратылысқа қарсы шығып, ерден әйелге, әйелден ерге ауысу – басыңды өлімге тігумен тең. Бір сөзбен айтқанда, өз қолыңмен өзіңді мүгедек жасап қана қоймай, Жаратқанның ісіне қарсы шығып, үлкен күнә арқалайсыз. Сондықтан да, бала өмірге келген сәттен бастап ұл баланы ұлша, қыз баланы нәзік қалпында тәрбиелеуде қателік жіберіп алмайықшы, құрметті ата-ана!

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды