МҮГЕДЕКТЕР ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ДЕМАЛЫС ОРНЫН КІМ ӨРТЕУІ МҮМКІН?

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 1021
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қапшағай жағалауында орналасқан «Қапшағай самға» мүгедектер қоғамдық бірлестігіне қарасты «Самға» демалыс орны осы жылдың 5 қазанында отқа оранған болатын. Аталған нысанның иесі Марат Абдулдаев пен қызы Наргиз Бекен өрттің шығу себебіне күдік-күмәнмен қарайды. Олардың ойынша, кәсіпкерлік нысанын әлдекімдер қастандықпен әдейі өртеген. Мәселенің анық-қанығына "Жетісу" газеті үңіліп көрді.

Наргиз Бекен осыған байланысты 20 желтоқсанда әлеуметтік желіде тиісті құзырлы орындардан әлі де жауаптың жоқтығы жөнінде жазба жариялаған еді. Онда: "Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың назарына! Қалалық жағалауда орналасқан, ”Қапшағай самға” мүгедектер қоғамдық бірлестігіне қарасты "САМҒА" демалыс орнын ашу үшін 2016 жылы қаламыздың әкімі болған Талғат Қайнарбеков арнайы жер бөліп берген болатын. Алайда 5 қазан күні, шамамен 14:00-де белгісіз біреулер өртеп кетті. Әкем арбаға танылғанына қарамастан, 2013 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсарту мақсатында тынымсыз еңбек етуде. Қаншама еңбек, қаншама тері бір сәтте күлге айналып кетті. 5 қазан күні Қапшағай қаласының полиция қызметкерлеріне болған жайтқа бей-жай қарамай, әрекет етуін сұрағанбыз. Бір жауап жоқ. Не деген сұмдық?! Екі жарым ай өтті. Өрттің неден, қалай, не себепті болғанын анықтауға тырысқан бір полиция қызметкерін көрмедім. Сол күні келген полиция қызметкерлері: “Мүмкін былай болған шығар. Сіздер өрттің неден шыққанын білмейсіздер ме?" деген негізсіз сұрақтарын өзімізге қойды да, кетіп қалды. Дәл сол жерде мәселені жауып тастағандай болды. Сіз бұл мәселеге бей-жай қарайды деп ойлаймыз. Жауабыңызды күтеміз!" - делінген.

Бір сөзбен айтқанда, 2015 жылы сол кездегі қала әкімі Талғат Қайнарбековтың қолдауымен ашылған «Самға» демалыс орнына біреулер өрт қойды деп күдіктенеді нысан иесі. Наргиз Бекенмен тілдескенімізде ол:

– Өртенген үлкен шатырда үш сәкі, сыртында он отыратын арнайы жер және де ішінде жазға деп жинап қойған заттар болған. Есіктегі құлып бұзылған, сыртында фас-фуд өнімдерінің қалдықтары қалған. Біреудің болғандығы анық, - дейді.

Демалыс орнынан түскен қаржы тікелей мүмкіндігі шектулі жандардың керек-жарағына, ем алатын балаларға жұмсалып отырған. Қыстың суық сәтінде де он отбасын қабылдай алатын мүмкіндігі болған. Ал демалыс орнында ІІ-ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет көрсеткен. Дәл қазіргі сәтте өртенген заттар мен орындардың жалпы шығыны есептеліп жатыр.

Дәл осы мәселе бойынша Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Серік Үпиевке хабарласқанымызда: "Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 204 бабының 1-бөлігі бойынша, яғни, бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себептерін анықтау мақсатында іс бойынша тиісті сараптама тағайындалады. Аталған сараптаманың қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады", - деп жауап берді.

Ал Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың баспасөз хатшысы Ардақ Қасымханова әкімдік істің толық нәтижесіне байланысты әрекет жасайтындығын, қала әкімдігі тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, Қапшағай қаласындағы алғашқы мүмкіндігі шектеулі жандардан жасақталған «Қапшағай самға» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы құрылды. Оған он адам мүше. Бірнеше істі қолға алып, нәтижесі көңіл қуантып келеді. «Самға» атауымен қала ішінде балаларды оңалту орталығы да бар. Бүгінде он үш бала ем алып жатыр.

Серік ҚАНТАЙ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы